ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде энциклопедист ғалым, алғашқы лексикограф-этнограф Махмұт Қашқаридің 1000 жылдығына арналған «Түркі жазуы мейрамы» өткен болатын.
Тарихта есімі белгілі дат ғалымы В.Томсен 1893 жылдың 15 желтоқсан күні дүние жүзі ғылым Кеңістігіне ІІ ғасыр бойы әлемге жұмбақ, құпия жазу деп аталып кеткен Орхон және Енисей бойынан табылған тастарға қашалып жазылған, руникалық жазбалардың иесі түркі халықтары екенін, алғашқы «түрік» және «қаған» екі сөздің оқылуының дешифровкасын жасады. Сондықтан да осы күнді түркі халықтары өз мейрамы, төл жазудың қайта жанған туған күні деп есептейді. Тамырын сонау тереңге жіберген халқымыздың асыл мұраларының тарихы тым тереңде жатыр. Халықтың өзіндік терең танымы, қалыптасқан салт-дәстүрі, өркендеген зор мәдениеті бар.
Түркі мейрамын түрік тілін оқитын 1, 2, 3 курс студенттері ұйымдастырды. Студенттер «Достық», «Қағанат», «Қызғалдақ» атты үш топқа бөлініп шараны өнер сайысы түрінде өткізген болатын. Сайыс таныстыру, шағын көріністерді сахналау және топаралық сұрақ-жауаптардан тұрды.
Жастардың өнерін тамашалауға арнайы қонақтар да шақырылды: Түркі халықтары Мәдениет қорының төрағасы Ахмет Дағдоран, Қазақстандағы Түркия Республикасының Мәдениет жөніндегі кеңесшісі Мине Касаб, ф.ғ.д. , проф. А.С. Аманжолов, ф.ғ.д. , проф. А.Б. Салқынбай, ф.ғ.к. Бақытгүл Құлжанова және т.б.
Мемлекеттерге тағзым білдірген студенттер Қазақстан мен Түркия Республикасының әнұранын орындап, келе жатқан тәуелсіздік күнімен құттықтады.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі