- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Корё университеті медицина-биологиялық кластер жобасын іске асыруды қолға алды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Корё университеті медицина-биологиялық кластер жобасын іске асыруды қолға алды
Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бак Қазақстанға келген іс-сапары кезінде Астана қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Корё университетінің медициналық орталығымен әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстан тарапынан келісім-шартқа ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов, ал Корея жағынан – президент Сон Чанг Сонг қол қойды.
Салтанатты рәсімге ҚР денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова және Корея Республикасының денсаулық сақтау министрі Чин Су Хи қатысты.
Қабылданған құжат бойынша, ҚазҰУ кампусында көлемі 56 мың кв.м. құрайтын медициналық орталық құрылысы жобаға алынды, онда заманауи аурухана, ғылыми-зерттеу зертханасы және қажет инфроқұқрылымы болады.
Медициналық орталық жобасы биология және биотехнология факультетінің базасында іске асып, басты бағыты биомедицинаны дамыту.
Жобаны іске асыруда 152 млн. АҚШ доллары қаржы инвестиция тартылып, 2015 жылы көзделген нысана іске қосылмақ. Қазіргі таңда маркетингтік зерттеу жасалып, жобаның басым бағыттары анықталып, техника-экономикалық негіздемелер дайындалу үстінде.
Меморандум аясында жоғары оқу орындары арасында академиялық жетекші маман алмасу, ғылыми-зерттеу жұмыстарында әріптестік орнату, оқытушы-профессорлар құрамындағы біліктілікті арттыру бағдарламаларына қатысу ұсынылды.
Алматыда 26 тамыз күні ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов Корея делегаттарымен кездесу барысында медициналық орталық жобалары мен нақты бағыттарын талқылады.
«Біз күрделі жобаны қолға алып отырмыз және меморандумға қол қою сәті де Корея Президентінің Қазақстанға сапары барысында іске асқаны қуантады. Әлемнің ең үздік университеттерінің бірі біздің медицина-биологиялық кластерді дамытуымызда серіктесіміз болатынымен мақтанамыз. Сіздердің медицина мен инвестиция тартудағы тәжірибелеріңіз біз үшін маңызды. Мемлекет тарапынан қолдау болып, жобамыз іске асады деп сенеміз», - деді кездесу барысында ҚазҰУ ректоры.
Өз кезегінде Сон Чанг Сонг былай мәлімдеді: «Корея президенті Ли Мён Бак – біздің университеттің түлегі. Қазақстанның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Корё университетінің құрметті докторы. Екі ел арасындағы мұндай тығыз әріптестік байланыс бұл жоба болашағының жарқындығының айғағы».
Корё университеті жанындағы медициналық орталықтың негізі 1938 жылы қаланған. Бүгінде бұл заманауи технологиялармен көмек көрсететін, медициналық менеджмент бағытында мамандандыратын ғаламдық медициналық мекеме. Орталық құрамында ғылыми-зерттеу зертханалары, 3 аурухана, медициналық және денсаулық сақтау факультеттері бар.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі