Жалындай бер, жас талант!

9 қараша, 2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1-курс студенттері арасында «Жас талант» көркемөнерпаздар байқауы өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі додаға биыл 2 мыңнан астам өнерпаз қатысты.

Үш кезеңнен тұратын байқаудың мақсаты студенттердің шығармашылығын шыңдап, жас таланттарды қолдау.

Алғашқы кезеңнен іркілмей өткен 900 өнерлі өрен ақтық сынға жолдама алып, жеңімпаздар байқаудың гала-концертінде марапатталды.

Мерекелік кеште мыңнан озып шыққан кіл жүйрік өз өнерін паш етті. Бірі халық әндерін әуелете шырқаса, енді бірі заманауи туындыларды нақышына келтіре орындады. Филология, ақпараттық технологиялар, журналистика факультетінің студенттері Медина Мысырқызы, Мадина Аскапова, Аяулым Амангелді «Түркінің тамшы жаңбыры» әнімен көпшілікті тамсандырса, Махамбет, А.Жайымов, Н.Тілендиев, Құрманғазы күйлерінен құралған аспаптар шеруі көрерменді ерекше әсерге бөледі.

Ал химия және химиялық технология, география және табиғатты пайдалану, механика-математика факультеттерінің студенттері түрлі ұлттардың халық билерін ұсынды. Философия және саясаттану факультетінің студенті Маржан Ертілес пен филология факультетінің студенті Айдос Бектұрсын Рольф Ловландтың «Секрет Гарден» шығармасын флейтада ойнады. Химия және химиялық технология факультетінің студенті Ақмоншақ Шахманова француздың «Je veux» әнін шырқады.

Пианистер квартеті орындаған классикалық әндер, химия және химиялық технология, география және табиғатты пайдалану, механика-математика факультеттерінің студенттері ұсынған заманауи би топтамасы да көпшіліктің көңілінен шықты.

Шаттыққа толы кештің шарықтау шегі жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен өрілді. Көңіл толқытар тамаша сәтте гран-при иегерлері ортаға шақырылып, көпшілік қошеметіне бөленді. «Жас талант» көркемөнерпаздар байқауының «Актерлық шеберлік» номинациясы бойынша гран-приге физика-техникалық факультетінің студенті Айберген Бади ие болса, «Жас ақындар» номинациясы бойынша филология факультетінің студенті Ақгүлім Ерболова, «Жүргізушілер» номинациясы бойынша журналистика факультетінің студенті Аружан Байназарова, «Вокал» номинациясы бойынша филология факультетінің студенті Мадина Мысырқызы, «Домбырада ойнау шеберлігі» номинациясы бойынша заң факультетінің студенті Ерасыл Базаршынов, «Қобызда ойнау шеберлігі» номинациясы бойынша механика-математика факультетінің студенті Сымбат Қазан, «Фортепианода ойнау шеберлігі» номинациясы бойынша география және табиғатты пайдалану факультетінің студенті Әмина Нығметова, «Гитарада ойнау шеберлігі» номинациясы бойынша физика-техникалық факультетінің студенті Əлібек Жаныбек, «Флейтада ойнау шеберлігі» номинациясы бойынша философия және саясаттану факультетінің студенті Маржан Ертілес, «Баянда ойнау шеберлігі» номинациясы бойынша филология факультетінің студенті Нұрсұлтан Ағыбай, сондай-ақ «Халықтық би» номинациясы бойынша география және табиғатты пайдалану факультеті, «Заманауи би» номинациясы бойынша механика-математика факультеті, «Заманауи би» номинациясы бойынша химия және химиялық технология факультеті, «Суретшілер» номинациясы бойынша шығыстану факультетінің студенті Аружан Қабылова, «Қолөнершілер» номинациясы бойынша филология факультетінің студенті Мэри Раджабова бас жүлдені қанжығасына байлады. Байқаудың 1, 2, 3 орын алған жеңімпаздары да сахнада аталып, дипломдармен марапатталды.

Университеттің «Парасат» кәсіподағының қолдауымен үздіктерге «Kitap al» дүкенінен сертификаттар және статуэтка табысталды.

Білім ордасының өнерпаздары гала-концертті Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқтап, көрермен тамаша көңіл күйде тарқасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі