«Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газет
98 бап өз міндетін толық атқаруда
Қай мемлекетке болсын конституция басты құжат болып табылады. Оның беделі де, мазмұны да, қасиеті де ерекше. Қазақ елінің тарихында Қасым ханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолы, Тәуке ханның жеті жарғысы... сияқты құжаттар ел бірлігінің мығым, болашағының жарқын болуына себеп болған. Ал тұңғыш рет 1924, одан кейін 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары Қазақстанда ата заң жазбаша түрде қабылданды. Өз тәуелсіздігін жариялап, егеменді ел атанған Қазақстан 1995 жылы 30 тамызда өз Ата заңын қабылдап, сол заңның аясында елдігін нығайтып келеді. Шетелдік тәжірибеге тоқталсақ, Конституция алғаш рет Англияда 1679 және 1688 жылдары құқықтар жөніндегі билль деген атпен қабылданған. Жазбаша конституция ең алғаш 1787 жылы АҚШ-та, одан кейін 1791 жылы Франция мен Польшада өмірге келген. Ал, Ұлыбританияда ешқандай конституция жоқ. Бірақ оның орнына төрт мыңға жуық заң бар. Өмірдің әртүрлі саласын реттейтін осы заңдардың топтамасын олар Конституция ретінде қарастырады. Сондай-ақ Араб, мұсылман елдері Конституцияның орнына шариғат заңдарына бағынады. Шариғат әр елдің жағдайына қарай бейімделеді.
Биыл 16 жылдығы тойланғалы отырған Ата заңымыз – мемлекетіміз бен қоғам тұрақтылығының, болашаққа деген сенім мен халқымыздың ауқатты тұрмысының, лайықты өмірінің кепілі. «Мемлекеттің құрылымын негіздеу, негізгі ережелерін анықтау»... осы ұғымның бәрі ықшамдалып, басты құжат ретінде Конституцияда көрініс тапқан. Мемлекеттің құрылымы мен бірге адам және оның құқы туралы толықтай қамтылған бөлімдер Ата заңның құндылығын арттырып тұрғандай. Конституцияны бүкіл заңдардың төресі деп атаудың себебі де осында жатса керек. Ата Заңымыздың құндылығы да осы.
Ата заңымыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Бұл – үлкен бір негіз әрі басты құндылық. Ата заңымыз еліміздегі барлық заңдардың әділ биі. Егемендіктің қайнар бастауы ол – Ата Заңымыз. Ата заңымыз елімізді өтпелі кезеңнің дағдарыстарынан сақтап, еліміздің тұтастығы мен амандығын ұлтаралық татулығы мен ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етуімен құнды. 30-бапта: «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті. Азаматтың мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар. Жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заңмен белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Мемлекет білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілейді. Кез келген оқу орнының қызметі осы стандарттарға сай келуі керек», - деп көрсетілген бөлімдер қазақстандық жастардың шын мәнінде құқықтарының жүзеге асып, ата заңның жүзеге асуынан хабар беріп келеді. Оқуға ниет білдірген талантты студенттердің мемлекеттік байқаудан оза шауып, әділетті түрде оқу грантарын жеңіп алуы осы баптардың атқарылуын айғақтап тұр. Қоғамдағы, елдегі жаңашылдықтар мен оң өзгерістер Ата заңдағы 98 баптың өз міндетін толық атқарып келе жатқандығын байқатады.
Саягүл ӘЛІМБЕКОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметінің жетекші маманы