«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі

31 тамыз, 2011

27.08.2011 / 19:00

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Корё университетінде 2015 жылы медициналық орталық ашылады

АЛМАТЫ. 27 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің базасында 2015 жылы көлемі 56 мың шаршы метрді құрайтын медициналық орталық салынады. Бұл кеше ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың Корея делегаттарымен болған кездесу барысында жан-жақты талқыланды.

«Біз күрделі жобаны қолға алып отырмыз және меморандумға қол қою сәті де Корея Президенті Ли Мён Бактың Қазақстанға сапары барысында іске асқаны қуантады. Әлемнің ең үздік университеттерінің бірі саналатын Корё университетінің медициналық-биологиялық кластерді дамытуда серіктесіміз болатынына қуаныштымыз. Сіздердің медицина мен инвестиция тартудағы тәжірибелеріңіз біз үшін маңызды. Оған мемлекет тарапынан да қолдау жасалады деп сенеміз», - деді кездесу барысында Ғалымқайыр Мұтанов. Бұған дейін ол 25 тамызда Астанада Корё университетінің медициналық орталығы президенті Сон Чанг Сонгпен бірге әріптестік туралы меморандумға қол қойған болатын. Оған ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мен Корея Республикасының денсаулық сақтау министрі Чин Су Хи қатысты. Бұл құжат бойынша, биомедицинаны дамытуға бағыталған Медициналық орталық жобасын жүзеге асыруға 152 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ. Қазіргі таңда маркетингтік зерттеу жасалып, жобаның басым бағыттары анықталып, техника-экономикалық негіздемелері әзірленуде.