Жаңа медиа: кеше мен бүгіннің таласы

11 қараша, 2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Цифрлық трансформация жағдайындағы медиа және PR» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Халықаралық шара Пенза мемлекеттік университеті және Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетімен бірлесе ұйымдастырылды. Оған он елдің жетекші ғалымдары, оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты.

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев жиынды ашып, шараның мәні мен маңызына тоқталды. «Жаңа медиа заманында журналистика заң мен этика нормаларын қатаң сақтап, билік пен қоғамды байланыстыратын алтын көпірге айналды. Интеграциялық үдерістер қаламды қару еткен «мылтықсыз майдан» өкілдерін де айналып өткен жоқ. Журналистиканың техногендік сипат алуы саяси-идеологиялық функциясының бәсеңдеуін білдірмейді, керісінше, жаһандану заманы ақпараттық қауіпсіздіктің маңыздылығын көрсетіп отыр», – деді факультет басшысы.

Алқалы жиында сөз алған Пенза университетінің ғылыми және инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры, экономика ғылымының докторы Сергей Васин медиа саласындағы техникалық прогреске қол жеткізіп, қоғам игілігі үшін жұмыс істеудің өзектілігін атап өтсе, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті, филология ғылымының кандидаты Асқар Тұрғанбаев аға ұрпақ жасаған құндылықтарды сақтап, кейінгі буынға аманаттаудың маңыздылығын баса айтты. «Ваши 6 сотка» газетінің бас редакторы, продюсер Андрей Туманов (Мәскеу) қазіргі технократиялық сипатына қарамастан, журналистика әлі де классикалық мазмұнын жоғалтпағанын тілге тиек етіп, интернетке толық көшу тәжірибесінен кейін қағаз нұсқаға қайта оралған жапон баспасөзін мысалға алды. Бұл тұжырыммен Польша-Қазақстан өнеркәсіптік сауда палатасының президенті Петр Гузовский де келісіп, PR сияқты коммуникативтік бағыттың оң әлеуетін түрлендіруді және біріктіруді маңызды санайтынын жеткізді.

Шара аясында ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы, ғалым Шәрипа Нұржанованың мерейтойы құрметіне арналған «Қашықтан оқытудың қазіргі заманғы технологиялары және педагогтық шеберлік» атты дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар Шәрипа Сыздыққызының PR саласында түрлі мемлекеттік коммуникациялық жобаларды іске асырғанын, көптеген танымал журналистер мен қоғаммен байланыс мамандарын тәрбиелегенін атап өтіп, ізгі тілектерін жеткізді. Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің проректоры Садық Тілебаев өз сөзінде мерейтой иесінің бойындағы тамаша адамгершілік қасиеттер көпқырлы кәсіби тәжірибемен ұштасатынын атап өтті.

Білім ордасының ректоры Ж.Түймебаевтың бұйрығымен мерейтой иесіне «Eren enbegi ushin» университеттік медалі табыс етіліп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген ақжарма құттықтаулар мен алғыс хаттар оқылды.

Сондай-ақ конференцияның «Жаһандық коммуникация кеңістігі және әлеуметтік үдерістерді модельдеу», «Пандемия кезіндегі медиа және коммуникация: цифрландырудың мүмкіндіктері мен тәуекелдері», «Жаһанданған ақпараттық қоғамдағы қоғаммен байланыс», «Халықаралық журналистика дамуының қазіргі тенденцияларының медиа және білім беру аспектілері» атты тақырыптық секцияларында сала мамандары журналистика, цифрлық трансформация, инновациялар нәтижесінде туындайтын қоғаммен байланыс саласындағы қызметтің жаңа бағыттарын қарастырды.