ҚазҰУ этносаяси зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

12 қараша, 2021

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы факультет декандары мен кафедра меңгерушілері ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы және Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты өкілдерімен онлайн кездесті.

Алдымен ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ерлан Әбдақасов және ҚазҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Фатима Жақыпова сөз сөйлеп, этносаралық қатынастарды зерттеу саласындағы ынтымақтастықтың өзектілігін атап өтті.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев институт қызметі жайлы әңгімелеп, елдегі этносаралық қақтығыстардың алдын алу мәселелері бойынша жүргізілген қолданбалы зерттеулермен таныстырды. Ал институт директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова этнология, этнолингвистика, этносаясат, конфликтология, этносаралық қатынастар және этнофессионалдық қатынастар мәселелерін зерттеудің келешегіне егжей-тегжейлі тоқталды.

Жиынға қатысушылар ұлтаралық және конфессияаралық келісім, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған жаңа ғылыми жобаларды әзірлеу қажеттігіне ерекше назар аударды. Бүгінгі жағдайда этносаралық қатынастарды дамытудың әлемдік үрдістерін одан әрі зерделеудің маңызын алға тартты.

Сондай-ақ басқосуда зерттеу топтарын құру және бірлескен ғылыми жобаларды іске асырудың негізгі жолдары талқыланды. Этносаясат саласындағы докторлық және магистрлік диссертациялар тақырыбы ұсынылды. Болашақта осы зерттеулердің нәтижелері басқа зерттеулермен қатар, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіруге ықпал ете алатыны атап өтілді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының сарапшылары университеттегі білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу және өзектендіруге шақырылды.

Жиын нәтижесінде ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың өзара тиімді әріптестігі бойынша нақты қадамдар айқындалды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі