Ресей университеттерімен өзара әріптестік тереңдеуде
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Ресей халықтар достығы университетінің делегациясы жұмыс сапарымен келді.
Екіжақты келіссөздер барысында ҚазҰУ-дың операциялық қызмет жөніндегі проректоры м.а. Қанатбек Мұқанов пен РХДУ-дың халықаралық қызмет жөніндегі проректоры Лариса Ефремова ғылыми-білім беру саласындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтіп, тиімді ықпалдастықтың әлеуетін арттыруға дайын екенін білдірді.
Бүгінгі таңда ҚазҰУ Ресей Федерациясының жетекші университеттері және институттарымен 150-ден астам келісімге қол қойды.
ТМД желілік университеті мен ШЫҰ желілік университеті шеңберінде жүзеге асырылып жатқан магистратураның бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламалары тараптарға оқытудың жаңа бағыттарын ашуға мүмкіндік берді.
Осылайша бүгін ТМД желілік университеті шеңберінде «Халықаралық логистика», ал ШЫҰ желілік университеті аясында «Бухгалтерлік есеп, ішкі бақылау және аудит» мамандандыруымен экономика бойынша магистрлерді бірлесіп даярлау туралы екі келісімге қол қойылды.
Лариса Ефремова бастамаларға қолдау көрсеткені үшін университетке алғыс білдіріп, ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу қызметі мен жаһандық QS рейтингіндегі жоғары жетістіктерін атап өтті. «Білім беру көшбасшылары» қысқы мектебіне қатысушы қарашаңырақ жастарының жоғары дайындық деңгейін тілге тиек ете келе, білім алушылар мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейтудің маңыздылығына назар аударды.
Сондай-ақ РХДУ өкілдерінің ресми сапары барысында Экология, Есеп және аудит, Бизнес технологиялар және Педагогика кафедралары меңгерушілерімен кездесу өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экология, нанотехнология және аймақтану бағыттары бойынша ШЫҰ университеттері арасында бас ЖОО болып табылады. ТМД университеттер желісі аясында білім ордасы РХДУ-мен тоғыз білім беру бағдарламасын іске қосты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі