Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қоржынына тағы бір медаль

21 қараша, 2021

ҚазҰУ-дың "Невада-Семей" жастар ұйымының белсенділері "Невада-Семей" халықаралық антиядролық қозғалысымен бірлесіп, 19 қазанда Қазақстан жеріндегі соңғы жарылыс күнін атап өтті. Дөңгелек үстел барысында Семей ядролық сынақ полигонының жарылыстары, "Невада-Семей" қозғалысының 30 жылдан астам уақытта атқарылған жұмыстарының нәтижелері туралы мәселелер қарастырылды.

Дөңгелек үстелге "Невада-Семей" халықаралық антиядролық қозғалысының көшбасшысы Олжас Омарұлы, антиядролық қозғалыстың ардагерлері мен белсенділері, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Іс-шара қорытындысы бойынша "Невада-Семей" халықаралық антиядролық қозғалысының ардагерлері мен белсенділерін 30 жылдық мерейтойлық медалімен марапаттау рәсімі өтті. Жастар арасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың "Невада-Семей" жастар ұйымының жетекшісі Танабекова Гүлжанат Бақытқызы 30 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталды. Айта кетерлігі, Гүлжанат Бақытқызы 2016 жылдан бастап "Невада-Семей" халықаралық антиядролық қозғалыстың ядролық қаруға қарсы күрестегі бастамаларын ілгерілету бойынша қоғамдық жұмыстармен айналысады.