Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Архивінің 100 жылдық мерейтойы

22 қараша, 2021

2021 жылы 19 қарашада Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Архивінің 100 жылдық мерейтойы осы архив ғимаратында және Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында аса жоғарғы деңгейде аталып өтілді. Мерекелік іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Райымқұлова Ақтоты Рахматоллақызы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті төрағасы Борашев Қуат Қаһарманұлы, сонымен қатар шетелдік және отандық архив саласының мамандары мен ардагерлері, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті атынан ректор Түймебаев Жансейіт Қансейітұлының кеңесшісі - Отарбаев Мәлік Нұржанұлы бастаған делегация қатысты. Тарих факультетінен бұл атаулы іс-шараға факультет деканы Ноғайбаева Меңдігүл Сағатқызы, Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі Жұматай Ғабит Бекенұлы, профессор Омарбеков Талас Омарбекұлы, Құндақбаева Жанат Бекқызы, Алпысбаева Нұрзипа Күмішбайқызы, Ысқақ Ақмарал Сыдығалықызы, Құмғанбаев Жандос Жұмалбекұлы, студенттер, магистранттар және докторанттар қатысты. Отарбаев Мәлік Нұржанұлы архив ұжымын атаулы мерекемен құттықтап, университет атынан арнайы сыйлықтарды табыс етті.

Мерекелік іс-шара барысында Орталық мемлекеттік архивтің ғимаратында «Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне 100 жыл 1921-2021» атты мемориалды ескерткіш тақта орнатылып, ресми салтанатты түрде ашылды. Сондай ақ архив құжаттары мен материалдарының көрмесі ұйымдастырылып, арнайы шығарылған ғылыми жинақтар мен кітаптардың тұсаукесерлері өтті.

1921 жылы негізі қаланған Орталық өлкелік архив бүгінде ұлттық мұраны келешек ұрпаққа жеткізетін айтулы мемлекеттік нысандардың бірі. Орталық мемлекеттік архив әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заман талаптарына сәйкес архивист және құжаттанушы мамандарды даярлауға өз үлесін қосуда. Бүгінгі күні ол білім алушылардың оқу, өндірістік тәжірибеден өтетін ғылыми, әдістемелік зертханаға айналған.