10 000 студент тағылымдамадан өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Корея Республикасы елшілігі жанындағы білім беру орталығының директоры Ким Тэхван келді. Университетке арнайы келген құрметті мейман басқосуда екі елдің білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
Кездесу барысында Корея Республикасы елшілігі жанындағы білім беру орталығының директоры Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, ҚазҰУ-дың білім беру және ғылыми-зерттеу қызметіндегі жоғары жетістіктерін атап өтті. Сондай-ақ Ким Тэхван келер жылы Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын жеткізді.
Мейманды ыстық ықыласпен қарсы алған ҚазҰУ-дың операциялық қызмет жөніндегі проректоры м.а. Қанатбек Мұқанов Ким Тэхванды Корея Республикасы елшілігі жанындағы білім беру орталығының құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.
Корея елшілігі Қазақстандағы ғылым, білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытуда үлкен үлес қосып келеді. Қазақ ұлттық университеті Корея Республикасының 50-ге жуық жоғары оқу орындарымен келісімге қол қойған. Жиырма жылдан астам уақыт бойы ҚазҰУ-да шығыстану факультетінің корей бөлімінде 10 мыңнан астам студент білім алып, тағылымдамадан өтті.
Айта кетейік, бүгінгі таңда ҚазҰУ Оңтүстік Кореяның 45 университетімен және ұйымдарымен тікелей серіктестік қарым-қатынас орнатқан. Осы республикада 3000 қазақстандық студент білім алуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі