Тауман Амандосовтың туғанына – 100 жыл
Қазақ журналистикасының алтын ұясы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым Тауман Амандосовтың туғанына 100 жыл толуына орай,«Журналистика, баспа ісі, медиадизайн: бүгінгі тренд және даму тенденциясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Айтулы шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, БАҚ басшылары, Атырау облысы әкімдігінің өкілдері, ғалымның жақындары мен шәкірттері және студент-жастар қатысты.
Жиылған қауым алдымен қазақ баспасөзінің корифейі Тауман Амандосовтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап және фотокөрмемен танысты. Онда ұлағатты ұстаздың әр жылдары жарық көрген кітаптары мен өмір жолынан сыр шертетін суреттер, зерттеу материалдары қойылған.
Конференцияны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып берді. Университет басшысы тау тұлғалы қайраткердің ұстаздық ұлы қасиеттеріне тоқталды. Ғалымның ғылыми дәрісімен қатар, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзінің өзі жастарға үлкен үлгі-өнеге болғанын мысалға алды.
«Тауман Амандосов қарашаңырақты тамамдаған соң, университетте тапжылмай сабақ берді. Көптеген талантты шәкірт тәрбиелеп, қазақ журналистикасының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Профессор оқу орнымыздың филология, журналистика факультеттерін абыроймен басқарды. Теле-радио кафедрасының ашылуы да Тауман Амандосов есімімен байланысты», – дей келе, ректор конференцияның ғалымға деген құрметпен қатар, артар жауапкершілігін де еске салды. Бүгінгі журналистиканың, оның ішінде әлеуметтік желілердің бет-бейнесі мен қоғамға сіңіріп жатқан құндылықтарына сыни тұрғыда қарай отырып, оған сапалық жағынан әсер етудің маңызын баса айтты.
Жиында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Хатта: «Тауман Салықбайұлы – саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнап, қазақ публицистикасының теориясы мен тәжірибесінзерттеген ғалым, журналистика саласында бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Алдағы уақытта даТауман Салықбайұлының есімін ұлықтап, ұлттық руханият жолындағы шығармашылығы мен еңбегін дәріптеу ісі жалғасын табады деп сенім білдіремін», – делінген.
Сонымен қатар конференция жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың хаты түсті. Құттықтауда саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаздың ерен еңбегі айтылып, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бүгінгідей маңызды іс-шараны ұйымдастыруы – Тауман Амандосовтай тау тұлғаларымыздың ісіне адалдығының айғағы. Ұжым көп жылдар бойы маман даярлау деген аса жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді», –деп атап өтілген.
Басқосуда жазушы Смағұл Елубай тұлға жайлы естеліктерімен бөлісті. «Декан деген лауазымды өмір бойы есімде қалдырған Тауман Амандосов еді. Журналистика факультеті – біздің ұшқан ұямыз. Біз – Тауман ағайдың тұңғыш шәкірттеріміз, журналистика факультетінің тұңғыш түлектеріміз. Тауман ағадан басталған тәлім – мағыналы сөз есту. Біз бес жыл сол есті сөзді естіп, қарашаңырағымыздан түлеп ұштық», – деп, студенттік қызықты күндерден сыр шертті.
Сондай-ақ алқалы жиында ҚР ПарламентіМәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, профессор Намазалы Омашев, Қазақстан журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, ҚазҰУ профессоры Кәкен Қамзин, «Алматы» телеарнасының басшысы Нұржан Мұхамеджанова және өзге де ғалымның көптеген шәкірттері сөз арнап, ұстаз тағылымы жайлы ой толғады.
Профессор Тауман Амандосов журналистика теориясына маманданған КСРО-дағы жеті профессордың бірі болатын. Он бір монографиялық еңбектің, сондай-ақ жұртшылыққа кеңінен мәлім «Публицистика – дәуір үні», «Достық лебізі», «Қазақ совет баспасөзінің жанрлары» атты оқу құралдарының авторы.
Шара барысында жастардың журналистика мен дизайн саласындағы шығармашылық ізденістеріне қолдау көрсету және журналист, ұстаз, ғалым Тауман Амандосовтың есімін ұрпақ есінде қалдыра отырып, өміршең өнегесін үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған «Амандосов байқауының» жүлдегерлері марапатталып, ғалым атындағы демеулік шәкіртақылар табысталды.
«Үздік ғылыми жұмыс» номинациясының І орын иегері Алмабек Ибрайымов: «Хабар-ошар дүниесі адамзат санасымен бірге дамып келе жатыр» деген филология ғылымының докторы, профессор Тауман Амандосовтың замансөз тамырының көне дәуірлерден бастау алатынына, сол дәуірлерде өзіне тиесілі қызметін атқарғанына ишара жасағанын айтқым келеді. Осы тенденцияны алғашқылардың бірі болып байқаған да, ақпарат алмасу мен журналистика салаларының түп тамыры ерте дүниеден бастау алғаныналғашқылардың бірі болып тіл ұшына іліктірген де Тауман Салықбайұлы еді», – деген пікірімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі