Тәуелсіздік - киелі ұғым

28 қараша, 2021

Тәуелсіздіктің құнын біліп, қадірін ұққандарға берері мол. Біздің жастар тәуелсіздіктің қадірін жете түсінбейтіндей көрінеді маған. Ауылдас бір ақсақалдан: «Е, шырағым, «білгір патшаларың,  төл теңгелерің бар, бақытты ұрпақсыңдар» дегенді естіген едім. Неткен керемет сөз?

Қазақ бұндайда «Өз өлтірмес, жат жарылқамас» демей ме?! Ең қастерлі тәуелсіздіктің іргетасын бекемдемекке, шаңырағын биіктетпекке қам жасаған ләзім. Сонда ғана тәуелсіздік тұрақтылығы артады.

 

Тәуелсіздік дегеніміз, әр азаматтың өзін белгілі деңгейде еркін сезінуі. Артында әр азаматы үшін бәрін істейтін қуатты ел тұрғанын сезінуі. Өз ұлтының руханиятының белгілі бір деңгейде көңіл төрінде, қоғам төрінде орын алуы. Ал ол үшін Қазақстан азаматтарының баршасы – осынау Қазақстан атты таңғажайып өлкенің, кең көлемі мен дархан табиғатын сақтап қалуы үшін құрбан болған қазақ батырларын, шаһиттерін білуі, қастерлеуі деген сөз.

Тарихта қазақ халқынын ұялтарлық, көзіне шіркей, көңіліне кірбең әкелер еш әбестік жоқ. Қазақ халқы ешқандай ұлтқа қиянат жасап, өзінен әлсізді басынған ел емес. Ал қазақтың қара тұяғынан хәл кеткенде қазаққа оспадарлық көрсеткендер бар екенін ұмытпауымыз керек. Бір ғана Ресейдің өзі қазақтың сорпа бетіне шығар зиялыларымен қоса 70 пайызға жуығын аштан қатырған. Бұндай жайттарды бүркемелеп ақтаудың қажеті жоқ. Ал егер бұндай жайттарға түсіністікпен қарап, ақтар болсақ. Біздің әлі рухани тәуелсіздікке жетпегендігіміз. Ал рухани тәуелсіздікке жетпеген елді алтынға орап қойсаң да ешқандай пайда жоқ. Сондықтан жастар тарих қойынына бүккен жай-жапсарларды ұқса, түйсінсе деймін. Сода ғана тәуелсіздігіміз баянды болмақ.

 


 

Бүгінгі Қазақстан тарихын, тұрмысын зерделеп, дамытамын, өз жаңалығымды енгізіп ел тұрмысына серпіліс әкелем деген жанға барша мүмкіндік бар. Тәуелсіздіктің бірден-бір берер артықшылығы да осы. Қазақ жастары сол себептен алымды һәм дарынды болмақ керек. Бірінші кезекте ұлтты ойламақ керек, сонда ғана тәуелсіздік мәні ашылып, мәңгі болмақ. Тәуелсіздігіміз мәңгі, өміріміз мәнді болсын...

 

Журналистика факультеті, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының 

3-курс студенті Ферімхан Архалық