«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі

1 қыркүйек, 2011

ҚазҰУ бес мыңнан астам студентке жатақханадан орын береді - М. Нұрғазин

АЛМАТЫ. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы қаласы, Қарасай батыр көшесінде орналасқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің №14 жатақханасы биыл күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді.

Студенттік баспанада университеттің халықаралық қатынастар, шығыстану факультеттерінің студенттері мен дайындық факультетінде оқитын шетелдік азаматтар тұратын болады. Жаңадан бой көтерген студенттер үйі жаңа оқу жылында пайдалануға берілді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасы бойынша ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың басшылығымен студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге байланысты 2011-2015 жылдарға арналған «Студенттік баспана» бағдарламасы әзірленгені белгілі. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бұл бағдарлама өз міндетін бастап кетті.

Негізінен №14 жатақхана орналасқан бұл ғимараттың іргесі 1986 жылы қаланған. Жалпы аумағы он мың шаршы метрден астамды қамтиды. Бес қабатты ғимаратты алып жатқан №14 жатақхана жиыны жеті жүзден астам студентті тұрғылықты орынмен қамтамасыз етпек. Жалпы жатақхананы қайтадан жаңғыртып, жаңартуға - 493 миллион теңге қаражат жұмсалған.

«Еділ-Жайық» ЖШС инвестициялық-құрылыс мердігер компаниясы тарапынан бұл жатақханаға күрделі жөндеу-құрылыс жұмыстары жасалынып, ғимарат сырты түгел графиттеліп, ғимаратқа жаңадан төсеніш төселді, барлық сантехникалық құрал-жабдықтар, электро-техникалық құрылғылар жаңартылды. Бір мезгілде 64 адамға қызмет көрсететін 4 жуынатын бөлме, спорт зал жасақталған. Мұндағы бөлмелер күнделікті тұрмысқа қажетті төсек-орын, үстел, орындық сияқты жабдықтармен және теледидарлармен, компьютер сыныптарымен қамтылған. Сонымен қатар студенттің екінші үйі саналатын бұл мекенде оқу залы, 250 орындық асхана, мәдени-рухани, көпшілік шаралар ұйымдастыруға арналған акт залдары бар.

Жатақхана аумағындағы ескі ағаштардың орнына жаңадан талдар отырғызылып, аумағы абаттандырылды.

Бір сөзбен айтқанда салауатты да, саламатты өмір үшін барлық жағдай жасалынған.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 13 жатақхана бар, яғни әр факультет студенттік баспанамен қамтылған. ҚазҰУ өз кезегінде бес мыңнан астам студентке жатақханадан орын береді. Олардың барлығы жаңа оқу жылына сақадай сай, барлығына дерлік күрделі жөндеу жасалды. Алматы қаласы әкімшілігінің және қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің тексеруінен өтіп, барлық жатақхана студентті жайғастыруға рұқсат алды», - дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Өндіріс департаментінің директоры Мұрат Нұрғазин.

Алда 2011-2015 жылдарға арналған «Студенттік баспана» бағдарламасы бойынша тағы 9 студенттер жатақханасына күрделі жөндеу жұмыстары белгіленген. Жоспар бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде PH докторанттар мен шетелден шақырылатын оқытушыларға арналып тағы 2500 орындық жатақхана салынбақ.