ҚазҰУ студенттері Елбасының ауылына барды

1 желтоқсан, 2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат»  онкүндігі басталды. Танымдық шараның алғашқы күні студенттер ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына барып, тарихи тұлғаның балалық шағы мен қызметтік жолымен танысып қайтты.


«Елбасы жолымен» аталған экспедицияға жамбылтанушы ғалымдар, білім алушылар, оқытушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шамалған – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кіндік қаны тамған ауыл. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Үшқоңыр тауының етегіндегі осы елді мекеннен түлеп ұшқан. Ұлт Көшбасшысының тағылымды өмір жолын өскелең ұрпаққа паш ететін «Атамекен» орталығы 2017 жылы бой көтерген.



Тарихи-мәдени орталық төрт залдан тұрады. Алдымен университет студенттері Елбасының оқушы кезінен бастап, еңбекке араласа бастаған сәтінен сыр шертетін отбасылық суреттер мен бірқатар жәдігерлердің көшірме нұсқалары орналасқан бірінші залдан бастады. Бұл бөлмеден білім алушы жастар  Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағында тұрған үй мен оқыған мектептің макетін тамашалады.


Екінші экспозициялық зал – ел тарихындағы ерекше маңызға ие "Тәуелсіздік кезеңіне" арналады. Мұнда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әйгілі "Тарих толқынында" атты еңбегінен алынған цитаталар, тәуелсіздік алған жылдардағы ең басты саяси шешімдер мен республика ауқымын қамтыған ірі шаралардан көріністер қамтылған.



Үшінші зал – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған. Бөлменің тұтас қабырғасына Елбасының "Еуразия жүрегінде" еңбегінен алынған үзінділер мен бүгінгі Қазақстанның дамуын көрсететін фототоптамалар қойылған. Сондай-ақ Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы ауыл шаруашылығы, өндіріс, медицина, спорт және оқу-білім мен ғылымдағы жетістіктері көрсетілген.   



Орталықтың төртінші залы нағыз заманауи талапқа сай жабдықталған. Бөлменің дәл ортасында ғылыми конференция мен басқосу жиындарына арналған дөңгелек үстел орналастырылған. Залдың сол жақ қабырғасына Елбасының ТМД елдері басшыларымен, ал оң жақ қабырғасына алыс-жақын шетел басшыларымен түскен суреттері ілінген. Шетел президенттері сыйға тартқан кәде-сыйлардың басым бөлігін осы залдан кездестіруге болады.  


– «Елбасы жолымен» экспедициясы Тұңғыш Президенттің өмірі мен еңбек жолын тереңінен тануға мүмкіндік берді. Осындай сапар ұйымдастырған университет ұжымына алғысым шексіз, – дейді 3-курс студенті Жеңісбек Ұларбек.


Шара соңында ҚазҰУ ректорының кеңесшісі Мәлік Отарбаев орталық ұжымына алғыс білдіріп, университет атынан бағалы сыйлықтар табыс етті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі