Көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, ұстаз Асқар Закарияұлы Закариннің туғанына 100 жыл

3 ақпан, 2009

15 желтоқсанда өзгеше болмыс-бітімі, өрнекті өнегесі бар айтулы жанның бірі - көрнекті қоғам қайраткері, математика саласындағы үлкен ғалым, профессор Асқар Закарияұлы Закариннің  туғанына 100 жыл толды. Осыған орай ғалымның тұрған үйінде орнатылған мемориалдық тақтаның алдына гүл шоқтары қойылып, замандастары, әріптестері мен шәкірттерінің қатысуымен салтанатты шеру өтті.

Шеруді ашқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры - Зұлхайыр Мансұров Асқар Закариннің отандық жоғары білімді дамыту ісіндегі ұлкен орны жайлы сөз қозғады. Ғылыми мектеп, соңынан ілескен көптеген шәкірттері, отандық білім беру ісіндегі инновациялар, жоғары оқу орны ғылымы арасындағы халықаралық байланыстарды дамыту, студенттік қалашықты салу идеясы, механико-математикалық факультетінің жаңа ғимаратының құрылысы, бұл - Асқар Закариннің ел тарихында алтын әріптермен басылған істерінің тек шамалысы.

  

Ғалымды соңынан қалдырған еңбектеріне, ұстазды шәкірттеріне, ал ұйымдастырушыны жасаған істеріне қарай бағалайды. Асқар Закариннің тікелей қатысуымен жасалған еліміздің білім беру жүйесі өзінің өміршеңдігін, жаңашылдығын және  даму қабілеттілігін дәлелдеді.

А.Закарин тағдыры Қазақ ұлттық университетінің өсу, толысу жылдарымен терең тамырлас. 1953 және 1961 жылдары ол еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орнында басшылық етті. Ректор бұл лауазымды халыққа қызмет етудің өзгеше абыройлы жолы, жемісін асықпай беретін аса жауапты  тапсырма деп қабылдады. Университет тізгінін ұстаған А.З. Закарин ғылымды дамыту мен оқу ісін ұйымдастыруда одақ көлеміндегі жаңа үрдістерге ден қоюға, сан алуан бағыттағы  күрделі ізденістердің тиянақты нәтижелеріне басым түрде назар аударылды. А.Закарин гидробиология, ихтиология, метеорология, жоғары математика, орыс филологиясы, қатты денелер физикасы және т.б. жаңа кафедралардың, жоғары оқу орындары үшін біліктілікті арттыру факультеті, философиялық-экономикалық факультеті, студенттердің М.О. Әуезов атындағы әдеби бірлестігі мен «Жеті муза» қоғамының ашылуына мұрындық болды.

Асқар Закарияұлының ғалым, ұйымдастырушы және тұлға ретіндегі бейнесін баласы Едіге Закарин ерекше жүрек жылуымен еске алады. Профессор А.З. Закариннің мемлекет қайраткері ретінде талай асудан өтуін іскерлік қабілетінің бір қыры деп таниды ол. А. Закарин Қазақстанның оқу-ағарту министрі, Сыртқы істер министрі, Қаз КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Қаз КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты қызметтерін абыроймен атқарады. Ғалымның баласы келесі жылдың көктемінде Асқар Закаринге арналған ірі ғылыми конференция жүргізуге дайындалып жатқан Қазақ ұлттық университетінің басшылығына алғысын білдірді.

 

                                            әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі