ҚазҰУ-да тағы бір студенттік жатақхананың тұсауы кесілді

2 қыркүйек, 2011

Алматы қаласы, Қарасай батыр көшесінде орналасқан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің №14 жатақханасы биыл күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, заманауи жабдықталды. Студенттік баспанада университеттің халықаралық қатынастар, шығыстану факультеттерінің студенттері мен дайындық факультетінде оқитын шетелдік азаматтар тұратын болады. Жаңадан бой көтерген студенттер үйі жаңа оқу жылында пайдалануға берілді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасы бойынша ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың басшылығымен студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге байланысты 2011-2015 жылдарға арналған «Студенттік баспана» бағдарламасы әзірленгені белгілі. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бұл бағдарлама өз міндетін бастап кетті десек болады.

Негізінен №14 жатақхана орналасқан бұл ғимараттың іргесі 1986 жылы қаланған. Жалпы аумағы он мыңнан астам шаршы метрді қамтиды. Бес қабатты ғимаратты алып жатқан №14 жатақхана жиыны жеті жүзден астам студентті тұрғылықты орынмен қамтамасыз етеді. Жалпы жатақхананы қайтадан жаңғыртып, жаңартуға – 493 миллион теңге қаражат жұмсалды.

«Еділ-Жайық» ЖШС инвестициялық-құрылыс мердігер-компаниясы тарапынан бұл жатақханаға күрделі жөндеу-құрылыстары жасалынып, ғимарат сырты түгел графиттеліп, ғимаратқа жаңадан линолейум төселді, барлық сантехникалық құрал-жабдықтар, электро-техникалық құрылғылар жаңартылды. Бір мезгілде 64 адамға қызмет көрсететін 4 жуынатын бөлме, спорт зал жасақталды. Мұндағы бөлмелер күнделікті тұрмысқа қажетті төсек-өрын, үстел, орындық сияқты жабдықтармен және теледидарлармен, компьютер сыныптарымен қамтылған. Сонымен қатар студенттің екінші үйі саналатын бұл мекенде оқу залы, 250 орындық асхана, мәдени-рухани, көпшілік шаралар ұйымдастыруға арналған акт залдары бар.

Жатақхана аумағындағы ескі ағаштардың орнына жаңадан талдар отырғызылып, территориясы абаттандырылды.

Бір сөзбен айтқанда салауатты да, саламатты өмір үшін барлық жағдай жасалынған.

- әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 13 жатақхана бар, яғни әр факультет студенттік баспанамен қамтылған. ҚазҰУ өз кезегінде бес мыңнан астам студентке жатақханадан орын береді. Олардың барлығы жаңа оқу жылына сақадай сай, барлығына дерлік күрделі жөндеу жасалды. Алматы қаласы әкімшілігінің және қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің тексеруінен өтіп, барлық жатақхана студентті тұрғызуға рұқсат алды, - дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Өндіріс департаментінің директоры Нұрғазин Мұрат Сейілханұлы. Алда 2011-2015 жылдарға арналған «Студенттік баспана» бағдарламасы бойынша тағы басқа 9 студенттер жатақханасына күрделі жөндеу жұмыстары белгіленді. Жоспар бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде PH докторанттар мен шетелден шақырылатын оқытушыларға арналып тағы 2500 орынға арналған жатақхана салынады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі