«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі

9 қыркүйек, 2011

Әлемдік жоғары оқу орындарының QS рейтингінде ҚазҰУ -дің рейтингі 200 орынға жоғарылады

АЛМАТЫ. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Ұлыбританияның Quacquarelli Symonds (QS) агенттігінің зерттеулеріне сәйкес әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдік жоғары оқу орындары рейтингінде 200 орынға жоғарылап, 405-450 аралығындағы оқу орындары арасына тұрақтады.

Агенттік бір жылда ҚазҰУ-дың бұндай деңгейге көтерілуін өте үздік көрсеткіш деп бағалап отыр. ҚазҰУ Орталық Азия елдері арасында бұндай көрсеткішке тұңғыш рет қол жеткізіп отыр.

QS рейтингіне әлемнің 700 үздік университеті кіреді. ҚазҰУ оған 2009 жылы қосылып, 601-650 деңгейде болған еді. Аталған рейтингтің көшін былтырғыдай Ұлыбританияның Кембридж универсиеті бастап тұр. Екінші орында АҚШ-тың Гарвард, үшінші орында осы елдің Массачусетс универистеті. Үздік жиырмалықтың басым бөлігін Ұлыбритания мен АҚШ университеттері бастап тұр. Олардың арасында Канаданың McGill University (17 орын) және Шверцарияның Федералды технологиялық институты (18) ғана бар.

Аталған рейтингті жасауда жоғары оқу орнының танымалдылығы, БАҚ-та жиі көрінуі, түлектерінің жұмысқа орналасуы, шет елдік студенттер мен оқытушылардың саны, ұстаздар мен студенттер саны есепке алынады.