«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газет
Журналистермен жүздесу
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің №5 жатақханасында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Қазақстан» ұлттық арнасының «Көршілер» бағдарламасының жүргізушісі Нұртілеу Иманғали, «Үркер» журналының бас редакторы Қуандық Түменбай, «Заң» газетінің бас редакторы Бекжан Әшірбай, «Заң» газетінің тілшісі, ақын Аманхан Әліммен студенттердің кездесуі болып өтті.
Кездесуді журналистика факультетінің деканы, заңгер-публицист, ғалым Есберген Оразұлы Алауханов жүргізді. Ол факультет ұжымының жаңа оқу жылында теориялық білім мен тәжірибені ұштастыру үшін белгілі қаламгерлер мен журналист, жазушы-ақындармен кездесулер, басқа да мәдени шаралар ұйымдастыруды көздеп отырғандығын тілге тиек етті.
Болашақ журналистер алдында Нұртілеу Иманғали қазіргі журналистиканың өзекті мәселелері туралы әңгіме өрбіте келіп: «Бүгінгі кездесу – мен үшін ерекше болып отыр. Кеше біз де сендер сияқты үлкен ағалардың алдында тұрып, біз қашан осы ағалардай боламыз деп ойлаушы едік. Міне, сол күнге де жеттік. Адамды биікке жеткізетін тек қана еңбек деп білемін. Сондықтан аянбай еңбек етіңдер. Журналист болу үшін адамға екі қасиет тән деп ойлаймын. Оның біріншісі – білім болса, екіншісі - мінез» деді.
Кездесуде сөз сөйлеген заңгер журналист Аманхан Әлім де болашақ журнлистерге өз тәжірибесімен бөлісіп, қазақ журналистикасы жайлы орамды ойларын ортаға салды. Кездесу соңы еркін пікірталасқа ұласты.
Ғалия МАЙКОТОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
журналистика факультетінің доценті