Фарабитанушы ғалымға арналған конференция

10 ақпан, 2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары профессор  Ауданбек Көбесовтің 90 жылдығына арналған  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Алқалы жиын бүгін «Ауданбек Көбесов – әл-Фарабидің философ-ойшыл, математик, жаратылыстанушы, педагог екенінің шынайы бейнесін жасаушы және заманауи білім мен тәрбие» атты атаумен онлайн форматта басталды.

Шараны ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ мен ҚР БҒМ Философия, саясаттану және дінтану институты бірлесе ұйымдастырып отыр.

Конференцияның ашылу салтанатында ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры м.а. Әлия Масалимова құттықтау сөз сөйледі.

«Ауданбек Көбесұлы – әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми еңбектерін зерттеп, жарыққа шығаруға елеулі еңбек сіңірген ірі ғалым. Ол ғұламаның математика, жаратылыстану ғылымына қосқан үлесін терең зерттеді», – дей келе, Әлия Рымғазықызы белгілі тұлғаның қызметіне, артына қалдырған құнды мұрасына тоқталды.

Ауданбек Көбесов 1977 жылдан өмірінің соңына дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еңбек етті. Оқытушы, профессор, Математиканы оқытудың әдістемесі кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарып, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырды.

Ізденімпаз ғалым Фараби әлемін қамтыған 200-ден астам ғылыми-танымдық еңбектер жариялады. Араб тілінен көптеген аудармалар жасады. Олардың ішінде кеңінен таралған «Әл-Фараби», «Әл-Фарабидің математикалық мұраcы», «Әл-Фараби еңбектеріндегі астрономия» сияқты кітаптары бар.

Сонымен қатар әл-Фарабидің араб тіліндегі математикалық трактаттары мен «Алмагестке» түсініктеме»  еңбектері бойынша монографиялар шығарды.

 «Әл-Фарабидің математикалық мұрасы» монографиясын шетелдік сарапшы мамандар өте жоғары бағалаған.

Бүгінде Ауданбек Көбесұлының бірқатар ғылыми еңбектерінің цифрлық нұсқалары АҚШ-тың Мичиган, Калифорния университеттеріндегі кітапханалардың электронды қорында сақтаулы.

 ҚазҰУ-дың Әл-Фараби кітапханасында да Ауданбек Көбесов еңбектеріне ерекше орын берілген.

Сондай-ақ жиында ҚР ҰИА академигі Нұрлан Темірбеков, Орынбор педагогикалық университетінің профессоры Галина Матвиевская, ҚазҰУ профессоры Жақыпбек Алтаев және өзге де ғалымдар баяндама жасап, зерттеушінің фарабитанудағы рөлі және ұлы ғұлама мұрасы бойынша жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу хақында кеңінен сөз қозғады.

Екі күнге жоспарланған конференция жұмысы «Әл-Фараби – философ-ойшыл және оның білім философиясы», «Әл-Фараби – математик, жаратылыстанушы, педагог және заманауи білім беру» және «Ауданбек Көбесовтің фарабитануға қосқан үлесі» бағыттарында жалғаспақ.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі