Болат Батырдың базарлығы

15 ақпан, 2022

«Жақсымен бірге өткізген жарты сағат,

Жаманның өтіп кеткен өміріндей...»

 

    Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушылары Ермахан Шайхыұлы мен Назкен Жансерікқызының ұйымдастыруымен «Баспа ісінің құқықтық негіздері және этикасы» атты шеберлік сағат болып өтті. Мәнді де мазмұнды боп өткен шараға «Үш қоңыр» ЖШС директор-бас редакторы Болат Батыр қатысып, тақырыпқа қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

 

    Журналиспен болған жылы жүздесу кафедраның 2 және 3 курс студенттеріне ерекше әсер сыйлады. Себебі, экранның ар жағына телміруден шаршаған шәкірттердің осы кештен рухани тұрғыда шөл басқаны анық. Себебі жастардың рухани азық алуына Болат Батырдың өмірлік тәжірибесі, шығармашылық мәдениеті, қызмет бабы мен қоғам, кітап, газет жайында айтылған әңгімелері сеп болды. Сонымен бірге сұрақ қойған студенттерге арнайы «Болат Медиа» мекемесінен жарық көрген «Махамбет» және «Жұмекен» атты республикалық әдеби-мәдени танымдық журналы, Қадыр Жүсіптің «Әдебиеттануға кіріспе», сондай-ақ «Үш қоңыр» газетінің күнтізбесі табыс етілді.

    Кездесу соңына дейін отырған студенттер Болат Батырдың қарапайымдылығына, иман жүзділігі мен мәдениеттілігіне, сөзге шеберлігіне тәнті болды. Маған қатты ұнағаны – ол кісінің газетке келіп түскен жас өрендердің шығармашылығын шет қалдырмай, оқырман назарына ұсынып, қолдау көрсеткендігі.

    Жиын соңында қонағымыз студенттерге өзіндік ақыл-кеңесін беріп, газетке келіп түскен мақалаларды жариялауда қолдау білдіретінін жеткізіп, жылы лебізін айтты. Сондай-ақ осы жиынның нәтижесінде Болат Батырдың ұсынысымен «Ұлы дала» газеті журналистика факультеті студенттерінің қатысуымен ай сайын шығып тұратын болды. Сонымен қатар кафедра студенттері өндірістік тәжірибесін осы «Үш қоңыр» ЖШС-на қарасты газет-журналдардан өтетін боп келісілді.

     Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы Ермахан Шайхыұлы шараны қорытындылай келе, арда азаматқа шығармашылық шабыт, толайым табыс тілеп, кафедра атынан Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Забытые мыслители Великой степи» атты кітабын табыс етті.

     Тағылымға толы кездесуден рухани байып қалған студент-жастарды осындай маңызы зор шараның ұйымдастырылуы тамаша күйге бөледі.

 

Динара Боранбай,

Баспагерлік-редакторлық

және дизайнерлік өнер

кафедрасының 2 курс студенті