Қаламгерге білім мен мінез керек
Өткен аптада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің №5 жатақханасында Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай, журналистер мен студенттердің жүздесуі өтті. Кездесуде «Қазақстан» ұлттық телеарнасы «Көршілер» бағдарламасының жүргізушісі Нұртілеу Иманғалиұлы, белгілі журналист Қалыбек Атжан, «Үркер» журналының бас рекдакторы Қуандық Түменбай, «Заң» газетінің бас редакторы, ақын Бекжан Әшірбаев пен осы газеттің тілшісі, ақын Аманхан Әлімұлы студенттермен жүздесті.
Журналистика факультетінің деканы, заңгер-ғалым Есберген Алауханов кездесуді өзі жүргізіп отырды. Ол студенттердің болашақта теориялық білім мен тәжірибені қатар алып жүруі үшін мәдени шаралардың, белгілі тұлғалардың салиқалы әңгімелері мен кеңестерінің ықпалы зор болатынын айтты.
Кездесу барысында белгілі тұлғалар өздерінің студенттік шақтарын еске алумен бірге қазіргі журналистиканың өзекті мәселелеріне де тоқталды. Бүкпесіз әңгіме барысында Нұртілеу Иманғалиұлы: «Бүгінгі кездесу ерекше өтіп жатыр. Біз де сендер сияқты кезінде үлкен ағаларға қарап, қашан осы ағалар шыққан биікке шығамыз деп ойлаушы едік. Сендерді жетістікке жеткізетін тек қажырлы еңбек қана. Ал, журналистке ауадай қажет екі қасиет бар. Ол – білім мен мінез», - деді. Қуандық Түменбай студенттерді «Үркер» журналымен етене жақын араласуға шақырды. Сондай-ақ, кездесу барысында ақын Аманхан Әлімұлы да: «Өзгелермен бізді теңестіретін – білім. Демек, білім адамды алға жетелейді» дей келе, журналистикаға қатысты да біраз ойымен бөлісті.
Кездесудің соңы студенттер мен белгілі тұлғалардың арасындағы шынайы пікірталаспен жалғасты.
Гүлназ САТЫБАЛДЫҚЫЗЫ