Депутаттар ҚазҰУ студенттерімен кездесті

21 ақпан, 2022

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айдос Сарым, Елнұр Бейсенбаев және Мәди Ахметов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы келді. Жұмыс сапары барысында халық қалаулылары алдымен қалашықты аралап, білім ордасында атқарылған жұмыстарға қанықты. Сонымен қатар алдағы уақытта университет аумағында салынатын оқу ғимараттары мен жатақханалардың жоспарымен танысты.


Депутаттар ҚазҰУ студенттерімен кездесіп, олардың сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ шараға Алматы қалалық мәслихатының депутаттары мен «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері де қатысты.

 Депутат Айдос Сарым Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алдағы жоспары ауқымды екенін тілге тиек етіп, білім ордасының бүгінге дейін атқарылған жұмыстары аз емес екенін атап өтті.

Өз кезегінде депутат Елнұр Бейсенбаев жастар университеттің іс-шараларына белсенді қатысып, жоғары оқу орнының дамуы мен өркендеуіне үлес қосуы қажет екенін жеткізді. «Университет қабырғасында өткізілетін барлық кездесулердің, конференциялардың, форумдардың маңызы зор. Осындай шараларға білім алушы жастар қатыса отырып, көптеген ақпарат ала алады. Сондықтан студенттерді осы тұрғыда белсенді болуға шақырамын», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат Мәди Ахметов Парламент Мәжілісі қазіргі кезеңде жастарға және еріктілерге қатысты заңнамаларға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін хабардар етті.

Жүздесу ашық диалог форматында өтті. Халық қалаулыларымен кездесуде студенттер өз пікірлерін айтып, ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі