Білім беру бағдарламаларын жүйелеу маңызды

28 ақпан, 2022

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің кезекті отырысы университетті халықаралық рейтингтерде ілгерілету және білім беру бағдарламаларының өзектілігін арттыру мәселелеріне арналды. Отырыс стратегиялық даму орталығының директоры Г.Минажеваның  баяндамасынан бастау алды.


Жетекші халықаралық рейтингтердегі жоғары оқу орнының мәртебесі оның ғылыми-білім деңгейін, әлемдік кеңістіктегі жетістіктері мен бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсетеді. Спикер атап өткендей, QS World University Rankings жаһандық рейтингінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биылғы көрсеткіш бойынша 175-орында тұр. Университеттің бұл деңгейі төмендегідей көрсеткіштер арқылы анықталған: академиялық бедел (40%), жұмыс берушілер арасындағы бедел (10%), оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы (20%), бір қызметкерге дәйексөз келтіру саны (20%), шетелдік оқытушылар үлесі (5%) және студенттер үлесі (5%).

2021 жылы ҚазҰУ әлемнің үздік университеттерінің QS рейтингісінде түлектердің жұмысқа орналасуы бойынша ТОП-201-250 қатарына енді. «Жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі» көрсеткіші бойынша университет әлемде 55-орында. Баяндамада спикер университеттің QS BY SUBJECT пәндік рейтингіндегі жағдайы туралы мәліметтерге де тоқталып, «гуманитарлық ғылымдар» бөлімінде – 156-орынға және «әлеуметтік ғылымдар» – 257-сатыға ілгерілегенін атап өтті. ЖОО жетістіктерінің бірі – QS халықаралық рейтинг агенттігі 2021 жылы 17 наурызда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Five Stars артықшылық белгісіне ие болғанын ресми түрде жариялады.

Жиын барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев көптеген ғылыми бағыттар бойынша айтылып кеткен көрсеткіштерді талдай отырып, олардың қатарындағы дәйексөз индексі және т.б. көрсеткіштер бойынша жұмыстарды одан әрі нығайту керектігіне тоқталды.

 «Халықаралық рейтингтерде ілгерілету жұмысы ЖОО-ны дамытудың стратегиялық маңызды мәселесі болғандықтан, осы бағыттағы жұмысты  жұмыла отырып күшейту қажет», – деп атап өткен ректор факультет декандарына аталған мәселені бақылауға алуды тапсырды.

Бұдан әрі білім беру бағдарламаларының өзектілігін арттыру шаралары туралы Оқу-әдістемелік бірлестігінің (ОӘБ) ғылыми хатшысы А.Сырғақбаева егжей-тегжейлі баяндап берді. Университет ректоры Жансейіт Түймебаев еңбек нарығында сұранысқа ие, экономиканың қажеттіліктеріне сай жауап беруге қабілетті, ғылым тоғысындағы жаңа буынның білім беру бағдарламаларын әзірлеуді міндеттеді. Спикер тарапынан алда шешілетін мәселелер де айтылды. Солардың бірі – үш жылға іріктеусіз білім беру бағдарламалары; факультеттерде шағын жинақталған топтар мен теңгерімсіз контингент; қайталанатын және өзекті емес пәндер; кітапхана ресурстарымен қамтамасыз етілуі және т.б.

Осы және басқа да мәселелерді шешу үшін білім беру бағдарламаларының өзектілігін қамтамасыз ету, қайталанатын пәндерді және шағын топтарды жою қажеттігі туындап отыр. Сонымен қатар факультеттерде білім беру бағдарламаларын әзірлеп және жүзеге асыру бойынша сапалы жұмысты ұйымдастыру, 2022-2023 оқу жылында жаңартылған білім беру бағдарламаларын дайындау үшін сапалы профессорлық-оқытушылық құрамын қалыптастыру бойынша қажетті шараларды қабылдау қажет.

Ғылыми кеңестің отырысы барысында диссертациялық кеңестерге жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу (спикер – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректордың м.а. Х.Тасыбеков), Қаржы және есеп кафедрасының профессоры Ф.Ердәулетованың «Accounting, audit and analysis in pawnshops» атты оқу құралының Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы РОӘК ОӘБ ұсынысы және ЖОО ғалымдарының монографияларын жариялау туралы ұсыныстары (спикер – бас ғалым хатшы Л.Шайкенова) қаралды.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі