Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары,
студенттері, магистрант, докторанттары!
Сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Алғыс айту күні – сан түрлі сынақтардан өткен халқымыздың ынтымақ-бірлігін айғақтайтын ерекше күн.
Бұрынғы бабаларымыздан «Жақсылық ұмытылмайды» деген жақсы ұғым қалыптасқан.
Сондықтан - айтулы күн, ризашылық пен мейірімнің, бейбітшілік пен келісімнің үйлесім тапқан мерекесі.
Бүгін Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтап: «Бұл – өзара тілектестікті, жанашырлықты, қамқорлықты дәріптейтін мейрам. Біз осындай ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық. Сын сағатта бірлігін сақтай білген барша отандастарымызға зор ризашылығымды білдіремін», – деді.
Осы ретте ішкі тұрақтылық пен татулықты сақтауда әрбір қазақстандыққа арттылар жауапкершілік орасан.
Университет ұжымы "қасіретті қаңтар" оқиғасы кезінде жұдырықтай жұмылып, қауіпсіздік шараларын күшейтіп, күндіз-түні студент жастардың жанынан табылды.
Кәсіподақ мүшелері, Жастар комитеті азық-түлік себеттерін таратып, ең қажетті заттармен қамтамасыз етті.
Сол күндері оқу орнымыздың Әскери кафедрасы, Жағдаяттық басқару орталығы, Өндірістік қамтамасыз ету департаменті мен Студенттер қалашығының қызметкерлері әскери тәртіпте жұмыс істеді.
Осының бәрі елдің амандығы, жастарымыздың жарқын келешегі үшін атқарылған игілікті іс-шаралар.
Сондықтан, қиын сәттердегі жоғары жауапкершіліктеріңіз үшін, студенттердің білімге деген құштарлығы үшін, оқытушылардың ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз маңдай тері үшін, бәріңізге шын ниетіммен ризашылық білдіремін!
Әлемдік интеллектуалдық олимпиадаларда, халықаралық спорт жарыстары мен өнер байқауларында еліміз бен университетіміздің абыройын асқақтатып жүрген студенттерімізге де мың алғыс!
Көктемнің алғашқы шуағымен бірге келген Алғыс айту күні мерекесі құтты болсын!
Жақындарымызға жақсылық жасап, бір-бірімізге алғыс айтып жүрейік!
Елімізден ырыс-ынтымақ кетпесін!
Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Құрметпен
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ