«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі
Енді Қазақстанда кез келген адам Nokia телефондары арқылы шетел тілдерін үйрене алады
АЛМАТЫ. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Астанада «Digital Communications Kazakhstan 2011» атты Халықаралық көрмеде тілдерді ұтқыр оқыту жобасы ұсынылды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және «Электронды оқытуды дамыту» қоғамдық білім беру қоры, халықаралық "So To Speak AB" компаниясы Қазақстандағы Nokia өкілдігінің қолдауымен шетел тілдерін үйретуге қатысты бірлескен жобаны бұқара назарына ұсынды.
Жоба ұялы телефон арқылы Хофсо әдістемесін пайдалана отырып, шетел тілдерін үйретуге негізделген. Әдістеменің авторы, «So To Speak» компаниясынының директоры, полиглот Карл Хофсоның қатысуымен өткен арнайы семинарда ҚазҰУ оқытушылары және Қазақстанның басқа жоғары оқу орындарының оқытушылары теориялық дайындықтан өтіп, ұтқыр үйретудің тәжірибелік пайдалануын меңгерді.
Презентация аясында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің гуманитарлық факультеттерге арналған шет тілдер кафедрасының меңгерушісі Әсел Шаяхмет Хофсоның инновациялық әдістемесі студенттерге шетел тілін меңгертуде үлкен септігін тигізетіндігін, ал шетел тілін жеткілікті түрде білген студенттер академиялық ұтқырлыққа қатысты білім беру бағдарламаларына қатыса алатынын айтып кетті.
Жобаны жүзеге арттыру - ҚазҰУ-дағы тілдерді үйрету инновациялық орталықтың ашылуына байланысты жасалған алғашқы қадам. Орталықта ең озық әдістер мен технологиялар жүзеге асатын болады. Бұл әрекет жоғары оқу орнының зерттеу университетіне айналу үдерісіндегі маңызды бөлігі жұмысы.
Үш айдың арасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 200 студенті ұтқыр әдістеме бойынша ағылшын тілін оқиды. Оқу кезінде үйренушілердің жетістіктеріне мониторинг және авторлық бақылау жүргізіліп отырады. Жинаған нәтижелердің негізінде университет оқытушылары әдістемені оқыту бағдарламаларына икемделу мақсатында ұсыныстарын беретін болады. Ұтқыр үйретуге қатысты жалпыланған ҚазҰУ тәжірибесіне алда еліміздің басқа жоғары оқу орындары да қол жеткізе алады.
«So To Speak" компаниясының директоры және әдістеме авторы Карл Хофсо: «Тілдік жағдаят жағынан Қазақстан ерекше мемлекет, - деп санайды. Шетелдік ғалым: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әр азаматы үш тілде - қазақша, орысша және ағылшынша - еркін сөйлеу керек деп талап етті. Біздің курстарымыздың бір ерекшелігі - олардың барлығы шет тілінде ауызекі сөйлеуді үйретуге арналған. Қысқа мерзімде студенттер шет тілін ауызекі тілде түсініп, өздерінің ана тілінде сөйлегендей, жауап беруге үйренеді», - дейді.
«Енді Қазақстанда кез келген адам Nokia телефондары арқылы шетел тілдерін үйрене алады, - дейді Оңтүстік ТМД елдеріндегі Nokia басшысы Карел Голуб. Бұл жоба Nokia-ның ұтқыр технологияларын ары қарай тарату және әлемде тағы да бір миллиард халықтың ұтқыр интернетке қосылуына бағытталған созылыңқы жаһандық стратегиясының бөлшегі болып табылады.
Халықаралық көрме Астанада қыркүйектің 14-нен 16-на дейін жұмыс істейді, оған ақпараттық-коммуникациялық саладағы ірі халықаралық және қазақстандық компаниялар қатысуда.