«Түркістан» халықаралық саяси апталық

15 қыркүйек, 2011

Қазақтың ізгі идеясы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай лидерлік дәрістер бағдарламасы бойынша белгілі тұлғаларлы шақырып, лекция оқытуды бастап кетті.

Философия және саясаттану факультетінде, дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұйымдастыруымен Сенат депутаты, , философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім «Қазақтың ренессанс ғасыры (қазіргі заман құндылықтары туралы)» тақырыпта, келесі күні Қазақстан Республикасы Мәдениет вице-министрі, философия ғылымдарының докторы, Ғазиз Телебаев «Әлеуметтік модернизация контексіндегі Қазақстан Республикасының мәдениеттік саясаты» атты тақырыпта лекци оқыды.

Профессор Ғарифолла Есім: «тәуелсіздік алғалы, біріншіден – еркіндікке қол жеткіздік, екіншіден – атеистіктен арылып, дінімізге бет бұрдық, үшіншіден – цензурадан азат болдық, - деп бастады әңгімесін. Дінсіз, мәдениетсіз қоғам ешқашан алға баспайды. Өз тарихын ұмытқан қоғамның болашағы болмайды. Тәуелсіздік – қазақ үшін қастерлі, қасиетті ұғым. Қазақтың ренессанс ғасыры – ізгі идея. Бұл дегеніміз – ел дамуын көздеген идея», - деді.

Ғазиз Телебаев: «мәдени мұра мемлекеттік бағдарлама аясында қазақ елінің мәдени мұрасын жинақтау мақсатында шет мемлекеттерге Ресей, Қытай, Иран және т.б. елдерге ғылыми экспедициялар жібіерілді. Сонымен қатар, «Қазақтың 100 әні», «Қазақтың 1000 күйі » атты ұлттық жобалар басталды. Мәдени саланың негізгі тетігі – өз елінің мәдени мұрасын танып білу», - деп мәдениет саласына қатысты көптеген ақпарат берді.

Студенттер мен магистранттар Ғарифолла Есім мен Ғазиз Телебаевқа күрделі де, қызықты сауалдар қойып, жауап алды.

Тоты Серікбайқызы,

ҚазҰУ магистранты