- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Токио университетінің студенттері арасындағы онлайн конференция
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Токио университетінің студенттері арасындағы онлайн конференция
2022 жылдың 8 және 9 наурызында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Токио университетінің студенттері арасында онлайн-конференция өтті. Конференцияға Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы жапонтану бөлімінің 1-3 курс студенттері және Токио университетінің Орта Азияны зерттеу курсында оқитын студенттері қатысты. Токио университеті- Токио, Бунке (Жапония) жерінде орналасқан мемлекеттік зерттеу университеті. 1877 жылы құрылған, ең алғашқы Император университеті болып табылады, қазіргі таңда Жапония және дүниежүзі бойынша алдыңғы қатарлы ЖОО бірі. Онлайн конференция екі күнге бөлінді. Бірінші күні студенттер бір-біріне өз университеттерін таныстырды. ҚазҰУ мен Токио университеті өз елдерінде жетекші ЖОО болғандықтан, студенттерге қызықты ортақ тақырыптар көп болды. Сонымен қатар Қазақстанның студенттері елде 8 наурыз мейрамы қалай мерекеленетіні жайлы айтып, видео роликтер көрсетті. Жапонияда мұндай мереке болмағандықтан, жапон студенттері екі елдің арасындағы мәдени ерекшеліктерді айтып, ерекше әсер алғандарын жеткізді. Онлайн конференцияның екінші күні студенттер Украинада орын алған жағдайды талқылады. Студенттер өз пікірлерін білдіріп, Қазақстан мен Жапонияда осыған қатысты беріліп жатқан ақпаратпен бөлісті. Пікірталас қызу өтті. Екі жақтың студенттері де осы мәселеге қатысты көзқарастарын кеңейтіп, жаңа, тың ақпараттар ала алды. Қорытындылай келе студенттер бейбітшіліктің маңыздылығын, сонымен қатар ол елде орын алған жағдайдың оң шешімін тауып, жақын арада бейбітшілік орнауына үмітін білдірді.