ҚазҰУ Президент жолдауын 10 нүктеден тыңдады

16 наурыз, 2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауын тікелей эфир арқылы тыңдады.

Жолдау көрсетілімі университеттің 10 нүктесінде ұйымдастырылды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолдауда жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы кеңінен айтты.

«Қаңтар оқиғасына» баға беріп, саяси-құқықтық реформалар туралы айта келе, Президент Қазақстанда Конституциялық сот құруды ұсынды.

Мемлекет басшысы елде орын алған тәртіпсіздіктер кезінде мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылып, лаңкестік жасағандар тиісті жазасын алатынын айтты.

Сонымен қатар партияларды тіркеу рәсімдерін жеңілдетуді және Сенаттағы президенттік квотаны қысқартуды тапсырды.

Жолдауда айтылған халық үшін жағымды жаңалықтың бірі – Семей аймағында Абай облысын, Жезқазған өңірінде Ұлытау облысын құру және Алматы облысын екіге бөлу.

Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев суперпрезиденттік республикадан түпкілікті көшу, Президенттің жақын туыстарына жоғары лауазымдарға тағайындалуына тыйым салу, Ұлттық құрылтай құру, БАҚ туралы жаңа заңды әзірлеу және қабылдауға байланысты нақты тапсырмалар берді.

Ел Президенті жаңа Қазақстан құруда халық пен биліктің бірлесіп жұмыс атқару қажеттігін жеткізді. «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚазҰУ ұжымы жолдауда жүктелген міндеттерді талқылап, Президент бастамаларын қолдайтындарын білдірді.

Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымының докторы Болат Сайлен жолдауда көтерілген мәселелердің өте өзекті және бүгінгі қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. «Президент өз жолдауында халық пен биліктің арасы жақын болу керек екенін баса айтты. Жаңа Қазақстанды бірге құру – біздің міндетіміз. Сол себептен бүгінгі жолдаудың маңызы зор. Өзекті бастамалар көтерілді. Енді осы мәселелер тиімді іске асырылады деп сенемін. ҚазҰУ ғалымдары Президент жолдауын қолдайды», – деп өз ойын білдірді Болат Сайлен.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері де жолдауға қатысты өз ой-пікірлерін жеткізді. Білім алушы жастар Мемлекет басшысы ұсынған бастамаларды қолдайтындарын айтып, жаңа Қазақстан жаңа бағытта  өркендейтініне сенім білдірді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі