«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

16 қыркүйек, 2011

Телефон арқылы тіл үйретеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Электронды оқытуды дамыту» қоғамдық білім беру қоры, халықаралық “So To Speak AB” компаниясы және «Nokia» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің қолдауымен жаңа жоба ұсынып отыр. Ол бойынша, студенттер телефон арқылы-ақ ағылшын тілін өте қысқа мерзімде ауызекі сөйлеу деңгейінде меңгеріп шығады.

Әдістеменің авторы, “So To Speak компанияның директоры Карл Хофсоның түсіндіруінше, телефон арқылы аудиотаспаларды тыңдау, ағылшын тілінде ауызекі байланысқа түсу және өзге де әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы студент сөйлеу тілін байытады. Шет тілінде еркін сөйлейтін қабілетке жетеді.

- Тіл үйрену жағынан қазақстанның ұстанып отырған саясаты қуантарлық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің әр азаматы үш тілде – қазақша, орысша және ағылшыншы еркін сөйлеуі қажет деп санап, осыған үндейді. Біздің курстарымыздың бір ерекшелігі – оның қатысушылары қысқа мерзімде шет тілдерін еркін түсініп, өздерінің ана тілімен бірдей еңгейде сұхбатқа түсе алатын болады, - дейді Карл Хофсо.

Бұл жобаны ҚазҰУ-дағы тілдерді үйрету инновациялық орталығының алғашқы қадамы десек те олады. Бұл орталықта ең озық әдісчтер мен технологиялар енгізілмек. Үш айдың ішінде ҚазҰУ-дың 200 студенті ұтқыр әдістеме бойынша ағылшын тілін оқиды. Оқу кезінде үйренушілердің жетістіктеріне мониторинг пен авторлық бақылау жүргізіліп отырады. «Nokia» компаниясының оңтүстік ТМД елдеріндегі өкілі Карел Голуб болса, Nokia телефондарының функциялары тілді меңгеруге ыңғайланғанын жеткізді. «Бұл жоба компанияның озық технологияларды дамыту жөніндегі стратегиясының бір саласы болып табылады» дейді ол.

Нұрболат АМАНЖОЛ