Қылмыстық құқық негізін салған ғалымға арналған ғылыми жиын өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінде «Қылмыстылықтың әлемдік және аумақтық тенденциялары және күресу стратегиясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Бұл ғылыми басқосу ҚР Ғылым мен техникаға еңбегі сіңген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Елеген Қайыржановты еске алуға арналды. Конференцияның ресми бөлімінде заң факультетінің деканы Дәулет Лайықұлы сөз алып, Елеген Қайыржановтың заң саласына қалдырған мұраларын, ғылымды дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Жиынға еліміздің әр өңіріндегі заңгерлер, ғалымдар және университет ғалымдары қатысты. Конференцияның пленарлық отырысында Елеген Қайыржановтың заң саласына сіңірген еңбектері айтылды. Баяндамашылардың бірі «Қазіргі кезеңдегі қылмыстық құқық және криминология ғылымдарының дамуы және профессор Е.І. Қайыржановқа сіңірген үлесі» деген зерттеуін талдаса, енді бірі «Е.І. Қайыржанов – қылмыстық құқық негізін салушы» деп дәлелдеп жатты. Конференцияда сонымен қатар, меншікке қарсы қылмыстардың әлемдік деңгейі, бухгалтерлік есепті жүргізу ережесін бұзудың түрлері мен оған ықпал ететін себептерді жою шаралары, бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстардың теориялық мәселелері, отандық қылмыстық құқық теориясындағы заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығының өзекті мәселелері сияқты бірнеше өзекті тақырыптар қозғалды.
Елеген Қайыржанов 150-ден астам ғылыми еңбектің, соның ішінде «Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы. Жалпы бөлім.» оқулықтың 1997, 1998 жылдарда жарық көрген баслымының, «Қылмыстылық» жалпы бөлім (1995 және 2000 жыл) басылымдарының авторы. Сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмысты ескертуге байланысты, көше қылмысы, авдокаттық қорғау тактикасы, жеке мүлкіті тонау сияқты салаларға байланысты жазылған 12 монографияның авторы. Бүгінде ол кісінң еңбектері әлі де зерттеу үстінде, қайраткердің бүгінгі ұрпаққа қалдырған еңбегі де өлшеусіз екендігі байқалды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі