Сенаторлар ҚазҰУ студенттерімен кездесті

30 наурыз, 2022

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бейбіт Исабаев, Ақылбек Күрішбаев және Нұртөре Жүсіп Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы келді. Жұмыс сапары барысында халық қалаулылары алдымен қалашықты аралап, білім ордасында атқарылған жұмыстарға қанықты. Сонымен қатар алдағы уақытта университетті дамытудың жоба-жоспарымен танысты.


Депутаттар ҚазҰУ студенттерімен «Жаңа саяси реформалар: жастардың рөлі мен үлесі» тақырыбында еркін форматта кездесу өткізді.

Кездесуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ауқымды саяси-экономикалық және әлеуметтік тың реформаларды іске асыруда жастардың алатын орны зор екенін атап өтті. «Жастар – еліміздің келешегі. Өйткені олардың бойында ерекше күш-қуат, жігер бар.  Қасым-Жомарт Кемелұлы жастарды мемлекетті басқару ісіне  барынша тарту мәселесін қолға алуда. Елдегі саяси реформалар қүш-қуатты, одан бөлек, оған деген сенім мен жігерді және талапты да қажет етеді. Біздің университетте еліміздің маңдайалды жастары білім алуда», – деді ректор.

Өз кезегінде білім ордасына арнайы келген сенаторлар алдымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурыздағы Қазақстан халқына жолдауында көтерген бастамаларына байланысты өз ойларын ортаға салды.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бейбіт Исабаев жолдауда айтылған өзекті мәселелерге жеке-жеке тоқталып өтті. «Қай салада болсын, ең алдымен, бәсекелестік қажет. Соның арқасында біздің елде сапалы және ауқымды өндірістер ашылады. Мемлекет басшысының биылғы жолдауындағы бастамалар өте өзекті. Үкіметке нақты тапсырмалар жүктелді. Ағымдағы жылы заңдылық негізде Конституцияға, бірнеше заңға өзгерістер енгізу жоспарда бар. Сонымен қатар Парламентке біраз мүмкіндіктер берілуде. Атқарылатын жұмыс көп. Баршамыз жаңа Қазақстанды құруда бірлесіп жұмыс атқаруымыз қажет», – деді Бейбіт Исабаев.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты, аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев жолдауда айтылған бастамалар сөзсіз іске асырылатынын, бірақ ол үшін қоғам белсенді жұмыс атқаруы қажет екенін атап өтті. «Өкінішке қарай, қазіргі кезде халықтың Үкіметке деген сенімі азайған. Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Мемлекет халықтың әлеуетін көтеруге бар мүмкіндіктерін жұмылдыруда. Алда оң өзгерістер болатынына сенейік. Бүгінде білім, ғылым саласына ерекше назар аударыла бастады. Бұған дейін елімізде білім беруді дамытуға бюджеттен 1,6 трлн теңге бөлінбеген. Осы тұрғыда біз халықтың игілігі үшін жұмыла жұмыс атқаруымыз керек», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Нұртөре Жүсіп жастарды білімді ғана емес, өз елін құрметтейтін отаншыл, рухты болуға шақырды. «Біз рухани әлемімізді жоғалттық. Себебі басқа мемлекеттерге жиі еліктейміз. Біз Қазақстан сияқты тамаша жерде дүниеге келгенімізді және қазақ екенімізді мақтан тұтуымыз керек. Ұлттық құндылықтарды сақтап, рухани жетілуіміз қажет. Жастардың санасында туған жерге деген сүйіспеншілікті ояту қажет», – деді Нұртөре Жүсіп.

Шара барысында студенттер сенаторларға өздерінің сауалдарын қойып, пікір алысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі