Экожүйені жақсартудың алғашқы қадамы

4 сәуір, 2022

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультетінде медицина кадрлары мен денсаулық сақтау мамандарын талап ететін жаңа формадағы ғылыми бағыт жолға қойылған. Сол арқылы қоғамдық сұраныстарға жауап беру – басты міндет. Факультеттегі денсаулық және қоршаған ортаны ғылыми-зерттеу зертханасының қызметкерлері сыртқы орта мен жұмыс процесіндегі факторлардың адам денсаулығына әсерін зерттеумен айналысады.

Кәсіби стреске ұшырау, популяциялық тұрғыда тыныс алу ауруларын зерттеу арқылы қоғамдық денсаулық саласында қол жеткізген нәтижелер жетерлік. Дегенмен жекелеген өндіріс түрлері мен технологиялық процестер жүретін жұмыс аймағының ауа сапасын талдауға басымдық беріледі. Зертхана қызметкерлері 2020-21 жылдары жұмыс орындарындағы ауа сапасын бағалау және терең математикалық талдауға негізделген бірнеше жұмыстар жариялады.

Зертхана қызметкерлері металл конструкциялары зауытында металл бұйымдарын өндіру кезінде ауадағы РМ2,5 бөлшектерінің массалық концентрациясына салыстырмалы талдау жасаған болатын. Нәтижесінде биыл ғалымдардың сараптамалық жұмысы Occupational and Environmental Medicine журналында жарияланды. Денсаулық және қоршаған ортаны ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Денис Винниковтың айтуынша, зерттеу нысаны ретінде плазмалық кесу, станоктарда бөлшектер жасау, металл конструкцияларын дәнекерлеу және құрастыру секілді төрт өндірістік процесс алынған. Оның ішінде плазмалық кесу кезінде металл аэрозолі ең көп бөлінетіні дәлелденді. Осы процесте бір минуттағы максималды концентрация көрсеткіші – 8,551, ал барлық үлгілердің геометриялық орташа мәні 1,727 мг/м3 болды. Металл аэрозолінің мұндай жоғары деңгейі жұмысшылар арасындағы тыныс алу және жүрек-қантамыр ауруларына мониторинг жасап отыруды қажет етеді.

– Бұл жұмыс тағы бір зерттеуде жалғасын тапты. ҚазҰУ ғалымдары аталмыш өндіріс орнындағы азоттың монооксидінің (NO) деңгейін өлшеп, спирометрия жүргізді. Азоттың монооксидін қабынудың маркері ретінде қарастыруға болады. Бұл маркердің ең үлкен концентрациясы плазмалық кесу операторларында емес, дәнекерлеушілерде анықталған. Демек, қосымша зерттеу жүргізуді қажет етеді, – дейді зертхана меңгерушісі.

Ғылыми-зерттеу лабораториясының қызметкерлері көмір жағудан туындайтын аэрозольдің кәуап пісірушілерге тигізер зиянын зерттеді.  Арнаулы сараптамалық жұмыстың нәтижелері Journalof Exposure Scienceand Environmental Epidemiology басылымында жарық көрді. Сараптама нәтижесі көрсеткендей, барбекю жасайтын жердегі ауа құрамында РМ2,5 бөлшектерінің концентрациясы өте жоғары екені анықталған. Мамандар бірауыздан кәуап дайындайтын аспаздардың тыныс алу және жүрек-қантамырлары ауруларына шалдығу мүмкіндігі басым деген қорытындыға келіп отыр.

«Қазгидромет» ұлттық гидрометеорологиялық қызметі – еліміздегі ауа ластануына тұрақты мониторинг жүргізетін ресми ұйым. Көптеген жылдар бойы «Қазгидромет» ауада кездесетін барлық PM бөлшектерінің жалпы санын анықтап келді, тек соңғы кездері ғана PM2,5 бөлшектеріне мониторинг енгізді. Дегенмен Алматы қаласы бойынша орнатылған 16 бекеттің бесеуі ғана осы мақсатта жұмылдырылған. Бұл толық картинаны көру үшін жеткіліксіз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елімізге қатысты мұндай зерттеулер жүргізбейді. Сол себепті Қазақстандағы ең ірі қалаларда ауаға бөлінетін қалдықтардың арасындағы күрделі байланыстар ғылыми  тұрғыда зерттелуі тиіс. Сонымен қатар метеорология мен атмосферадағы химиялық өзара әрекеттесулер де ғалымдардың назарынан тыс қалмауы қажет.

Д.Винниковтың айтуынша, мәліметтердің жеткіліксіздігі қоршаған ортаның дәл қазіргі ахуалына лайықты баға беріп, қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған тиімді бағдарлама құруға кедергі болуда.

– Сондықтан Қазақстандағы қалаларға заманауи зерттеу әдістері мен модельдеу құралдарын пайдалана отырып ауа құрамына кешенді талдау жасалуы қажет. Бұл зерттеу жұмысында Алматы және Нұр-Сұлтан қаласындағы PM2.5 бөлшектерін ауаға таратып отырған негізгі көздері анықталады. Сондай-ақ жобаға сай, ең жаңа ғылыми дәлелденген бағыттар, оның ішінде химиялық талдау мен көпайнымалы факторлық талдау әдісі (PMF) қолданылады. Аталмыш екі қаланы қоса алғанда, тұрғылықты азаматтардың саны 3 миллионнан асады. Бұл туристер мен қала қонақтарын есепке алмағандағы көрсеткіш. ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу лабораториясындағы жұмыстар тек гигиеналық жұмыстармен шектеліп қалған жоқ. Өйткені жобаға қызмет етуші мамандар Қазақстанда алғаш рет кәсіби міндеттерін атқару барысында обструктивті созылмалы өкпе ауруларының пайда болу қаупін анықтау мақсатында популяциялық зерттеулер (International Journalof COPD басылымында жарық көрген) жүргізді, – дейді ол.

Сараптама нәтижесінде зертхана мамандары шаң, бу, газ бен түтін бөлінетін орындарда жұмыс істеу обструктивті созылмалы өкпе ауруларына шалдығу қаупін 1,71 есеге арттыратынына көз жеткіздік.

– Бұл көрсеткіште темекі шегу, физикалық белсенділік, адамның жасы мен жынысы және әлеуметтік-экономикалық статусы секілді осы дертті  туғызатын негізгі факторлар ескерілмеген. Ғылыми-зерттеу лабораториясындағы қызметкерлер негізінен  жұмыс орындарындағы ауаның ластануы бағытында көптеген жұмыстар атқарады. Дегенмен еңбек медицинасы және тыныс алу патологиясы саласында басқа да зерттеулері жоқ емес, – дейді Денис Винников.

Мәселен, қазіргі уақытта зертхана қызметкерлері төмендегідей ғылыми жобаларға қатысады: Респираторлық денсаулық көрсеткіштерін зерттеу мен өрт сөндірушілердің кәсіби қызметімен қауымдастық; Алматы қаласы тұрғындары арасында обструктивті созылмалы өкпе ауруларының таралуы мен кәсіби міндеттерін атқару себебінен ауруға шалдығу қаупіне популяциялық зерттеу жүргізу; Еуропалық респираторлық қоғамның және торакалды респираторлық қоғамның жұмыс тобы шеңберінде респираторлық аурулардың пайда болуы үшін кәсіби факторлардан келетін залалға жүйелі шолу жүргізу; Темекіге тәуелділікті емдеуге арналған цитизиннің тиімділігі мен қауіпсіздігін жүйелі түрде шолу және мета-талдау; Қатты отынды жағу нәтижесінде қыста ластанған ауа жағдайында «таза» жұмыс орындарында РМ10 қалқыма бөлшектеріне экспозицияны зерделеу; Алматы қаласындағы жылыту маусымымен және қатты отынды жағумен байланысты ауаның РМ2,5 қалқыма бөлшектерімен ластануын мониторингілеу және т.б.

Осылайша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жаңа ғылыми бағыт – медицина мен денсаулық сақтау саласы табысты дамып келеді. Сондай-ақ ғылыми-инновациялық қызметке және қарашаңырақты зерттеу университетіне айналдыруға өз үлесін қосуда.

 

Кәмила ДҮЙСЕН