Қазақстан дипломатиясына - 30 жыл
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Егемен Қазақстанның сыртқы саясаты мен дипломатиясына 30 жыл: жетістіктері, сын-қатерлер мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.
Ауқымды шара Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттарын ғылыми тұрғыдан талдау және талқылауға, еліміздің халықаралық қатынастардағы қазіргі перспективаларын, оның қауіпсіздік жүйесі, интеграциялық құрылымдар, экономикалық және өркениеттік процестердегі орны мен рөлін айқындауға бағытталған. Оған танымал сарапшылар, сыртқы саясат құрылымдары мен ҚР аккредиттелген дипломатиялық миссия өкілдері, ғалымдар және студент жастар қатысуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Жансейіт Түймебаев жиылғандарға арнайы бейнеқұттықтау жолдады. «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан көпвекторлы қағидат, прагматизм және ұлттық мүдделерге негізделген сыртқы саясаттың тиімді моделін құруға қол жеткізді. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемнің 186 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Негізгі шетелдік серіктестермен ынтымақтастық артуда. Орталық Азия елдерімен диалог жандана түсті. Халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне жіті назар аударылуда. Баршаңызды Қазақстан дипломатиясының мерейтойымен құттықтаймын және жемісті жұмыс тілеймін!» – деді университет басшысы.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігі басшысының орынбасары Руслан Қарабулов өз сөзінде ҚазҰУ басшылығына тұрақты ынтымақтастығы және сыртқы саясат ведомствосы үшін кадрлар даярлауға альма-матердің қосқан ерекше үлесі үшін алғысын жеткізді.
«Қазақстан – инвестиция тарту, экономика көлемі бойынша Орталық Азия өңірінің абсолютті көшбасшысы, – деп атап өтті спикер. – Біздің еліміз еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің локомотиві болып табылады, көптеген халықаралық ұйымдарға төрағалық етті, 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін қабылдады, БҰҰ Бас Ассамблеясының Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны қабылдауына бастамашылық етті. Бүгінде Қазақстанды халықаралық қоғамдастық дипломатиялық қызмет ардагерлері күш-жігерінің арқасында көбінесе болжанатын және сенімді серіктес ретінде қабылдайды».
Жиында сөз алған БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори жарқын болашақ құратын жастарды қалыптастыру БҰҰ миссиясының негізі екенін еске салды. Осы орайда, ҚазҰУ-да атқарылған жұмыстарды жоғары бағалап, «БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша жаһандық хабы ретінде сіздер студенттерге өз мақсатына жетуде үлкен көмек жасаудасыздар. Бұл Қазақстанның және өңірдің одан әрі дамуына ықпал етеді», – деп атап өтті.
«Бүгінгі конференция аса маңызды әрі дер кезінде ұйымдастырылып отыр, – деп сөзін жалғады сарапшы. – Жаһандық пандемия және геосаяси жағдайлар Еуропаны Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған эмигранттар дағдарысына алып келді. Қазір бүкіл әлемде логистика саласы зардап шекті, транспорт, энергия және маңызды әрі қажетті заттардың бағасы күрт көтерілді. Бүгінде тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру тіптен қиын болып отыр. Бірақ біз өзімізге қажетті жарқын болашаққа ұмтылуымыз қажет және ол үшін біздің барлығымызға білім және жаңа идеялар қажет».
Сондай-ақ пленарлық отырыста Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаев, Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас, Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй, Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы бас консулы Алексис Шахтахтинский, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов сөз сөйлеп, пікір бөлісті.
Конференция жұмысы секциялық отырыстарға ұласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі