«Журналист» газеті – жастар тамыршысы
Кезінде Алаш көсемсөздері баспасөздің қоғамдағы орнын дәл белгіледі, тасқа басылып, көпке тараған көсемсөздің қуатын қазақ халқының игілігіне қалай пайдалану керек екендігін іс жүзінде көрсетті. Әлихан Бөкейханов: «Газета – ғұмыр айнасы, газетаны оқып жұрт өзін-н-өзі көреді», десе, Міржақып Дулатов: «Газет – халықтың тамыршысы. Газет қоғамдағы кеселді ашып көрсетуі керек», - деген ой айтады. Қарап отырсаңыз, бұл пікірлер осы күнге дейін маңызын жойған жоқ. Алаш көсемдерінің газет және оқырман мәселесіне қатты көңіл бөлген ой-пікірлері арқылы айтар ойымызды сабақтастырғанды жөн көрдік. Өйткені, өткен ғасырдағы баспасөздегі мәселе осы уақытқа дейін шешімін таба алмай келе жатқандығы жасырын емес.
Ахмет Байтұрсынов: «Ұлт газетін қолдау, ұлтын қолдау, ұлтына қызмет ету»,-деп мәселені тікесінен қойды. Кез келген журналист бойында ұлтшылдық қасиеті болмаса, ұлтқа қатысты кез-келген жайтқа бей-жай қарай алмайды. Бүгінде басылымдарда ұлттың күрделі мәселелерінің жауапсыз қалып отырғандығы, сол мәселені түбегейлі, түбін түсіріп жаза алмауымызда жатқан тәрізді. Өйткені, шындықты айту, кемшілікті сынау журналистің басты мақсаты болғандықтан, әрқашанданақты дерекке сүйеніп, бұрмаламауы тиіс. Журналист қоғамдық пікірді тудырып, қалыптастырушы болғандықтан, ақиқаттан алшақ кетпеуі абзал. Замана шындығын дәлме-дәл көрсетуші ретінде журналист уақыт пен дәуір талабынан шығуы тиіс. Кез-келген журналист аудиториямен қарым-қатынас орнатуда, өз білімін толықтыруда, кеңес беруде, бағыт-бағдар көрсетіп, ойларын талқыға салуда жаңа, жетілген деректерді ұсынғаны жөн. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының 102 топ студенттері «Журналист» студенттердің оқу-тәжірибелік газетінің кезекті санын шығарып отыр. «Қазақ журналистикасының тарихы» міндетті пәні аясында шығып отырған бұл газетте өз қолтаңбаларын айшықтап бере білген бірсыпыра студент қылқаламы жүйріктігімен, өзіндік ерекшелігімен көзгетүсті. Алда талай асулардан асатын шәкірттер қадамына сәттілік тіледік!
ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА Римма, филология ғылымдарының кандидаты, доцент