Бүгін Қазақстан халқының Тілдері күні мерекесі. Ел достастығын, бұқара бірлігін нығайта түсетін айтулы мейрам әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ерекше сипат алды. Бұл күні жұмыс уақыты да мемлекеттік тілге деген үлкен құрметтен, ана тіліне деген аса сүйіспеншілікпен басталды.
Университеттің әкімшілік және оқу ғимараттарында қызметкерлер мен студенттерді ұлттық киім үлгісіндегі жастар қарсы алды. Олар ғимаратқа енген әр адамнан қазақ тілінде амандасуын, ана тілінде мақал-мәтел, қанатты сөз айтуын талап етті. Өз кезегінде басшылықтан бастап, студентке дейін қазақ тілінде сөз саптап, тілдер мерекесі қарсаңында мемлекеттік тілдің мерейін асырып жатты. «Қазақша сөйлесейік!» акциясының ұйымдастырушылары тарапынан бауырсақ таңғы асқа ұсынылды. Сәлемін ана тілінде бастаған жұмыс күні де сәтті болды, мерекелік көңіл күй кернеді.
Жалпы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан халқының Тілдер күні мерекесіне орай Тәрбие жұмысы жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен университеттік деңгейде «Тілдер» фестивальінің апталығы өтіп жатыр. Онда «Үштұғырлы тіл; бүгіні мен болашағы» атты пікірталас, «Тілге құрмет – елге құрмет» прозалық және «Ана тілім ардағым» поэзиялық шығармалар байқауы, «Абай оқулары» шығыс, батыс, славян тілдерінде, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» тақырыбы аясында ұлттық-мәдени орталық өкілдерімен кездесу және тілдік клубтардың тұсаукесері және «Мемлекеттік тіл – іскери тіл» атты университет қызметкерлері арасындағы байқау сияқты тағы да басқа бірнеше игі шаралар ұйымдастырылуда.
Алда мереке «Тілдер» фестивалінің жабылу салтанатымен қортындыланады. Бүгінгі таңда еңбек нарығының сұранысына сәйкес болу үшін және түлектеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында, қазақ тілінің мерейін өсіріп, қолданысын кеңейтуде жасалып жатқан осындай игі шаралардың маңызы зор.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі