Заң саласын жетілдіру жағы қаралды
23 қыркүйекте Holiday Inn Almaty Hotel ғимаратында «Қазақстанның жылдамдатылған индустриалды-инновациялық дамуы мен әлемдік кеңістікте интеграциялық үрдістерді белсендендіру жағдайында заң шығармашылық процесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Іс-шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Мемлекет және құқық институты мен Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігінің бірлесіп ұйымдастыруымен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына және 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыру міндеттерін атқаруға орай ұйымдастырылды.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияға – ҚР Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Талғат Донақов, ҚР Жоғарғы Сот төрағасы Бектас Бекназаров, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель, ҚР Әділет министрлігінің жауапты хатшысы Марат Бекетаев, ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі Ілияс Бақтыбаев, ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі басшысының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев, Үндістанның Алматы қаласындағы бас консулы, ҚР Үндістан Елшілігі өкілеттігінің жетекшісі Ракеш К. Верма, саяси және қоғамдық ірі қайраткерлер, Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық миссиялардың өкілдері, сондай-ақ, танымал отандық және шетелдік ғалымдар мен құқықтанушылар, тарихшылар мен саясаткерлер қатысты. Конференция ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың құттықтау сөзімен басталды.
Конференцияда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы заңдылық жүйесі, заңдық жұмыстардың теориялық және тәжірибелік қолданысы, халықаралық-құқықтық нормалар мен стандарттардың ҚР заңнамалық актілеріндегі импленентациялық мәселелері, заң жобаларының сараптамаларының мәні және оның әдістерін жетілдіру мәселелерін жүргізу сияқты тақырыптар қаралды.
«Бұл мәселелер тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елдерінде талқыланып келеді. Судьялар тәуелсіздігін белгілейтін жаңа заң нормаларының жобаларын дайындап үкіметке өткіздік. Тәуелсіздік дегенімізді өзге мемлекеттік органдардың судьяға қысымның болмауы, өз басшылығы тарапынан тәуелсіздігі, мысалы, соттағы басқарып отырған басшылар, сот төрағалары бар, осы мәселелер болмауы үшін нақты бізде заң жүйелері қаралып жатыр. Азаматтардың құқығы мен бостандығы мемлекетіміздің бірден бір дамуына әсер етеді. Осында үлкен ағаларымыз отыр, осы тақырып төңірегінде бүгінгі конференция аясында толық талқыланды деп ойлаймын», - дейді ҚР Жоғарғы Сот төрағасы Бектас Бекназаров.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылдың 1 қазанында ҚР Парламенті сессиясының төртінші шақырылымын ашу барысында 2020 жылға дейін елдің даму стратегиясындағы құқықтық қамтамасыз етуде заң шығармашылығын басты талап етіп атады. Осыған орай, конференция аясында Стратегиялық жоспарлау және басқа да бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыру мәселелері қаралды. 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының құқықтық саяси тұжырымдамасы назарға алынды. Бұл тұжырымдама мемлекет пен қоғамның дамуы мен қазіргі заманғы жағдайына байланысты нормативтік құқықтық актілер жобаларын дайындау мен ғылыми сараптама жүргізу жүйесін дамыту үшін қажет.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі