"ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ"

26 қыркүйек, 2011

2011 жылдың қыркүйек айының 19, 21 жұлдыздарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетінде «Тілге құрмет – елге құрмет» деген атпен «Тілдер фестивалі» өткізілді. Биылғы жылғы мерекенің жыл сайынғы дәстүрлі тілдер мерекесіне орай өткізілетін шарадан өзгешелігі Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналуы. «Тәуелсіз Қазақстан: келісімнің, жасампаздықтың және бейбітшіліктің 20 жылы» ұранымен өткізіліп жатқан әрбір іс-шара тәуелсіз отанымыздың гүлденуіне арналары ақиқат.

Мәдени іс-шара бағдарламасы екі күнді қамтыды. «Тілдер фестиваліне» 1,2,3,4-курс студенттері қатысты. 19 қыркүйек күні мерекеге қатысуға талап білдірген студенттер өте көп болды. Осы фестивалді ұйымдастырып отырған дипломатиялық аударма кафедрасынан дәріс алатын студенттер неміс, ағылшын, қытай, араб, жапон, түрік тілдерінде өз білім деңгейлерін көрсетте білді. Кешті студенттер Мұсаева Дина мен Юрченко Александра Қазақстан Республикасының Ұлттық тілі – қазақ тілінде, Мавлоназарова Малохат ағылшын тілінде жүргізді. I кезеңде студенттер жалпы өзін таныстырудан бастап, өзі таңдаған тілде мәтін, өлең оқу, құттықтау сөз, ән айтудан сайысқа түсті. Осы сайыс нәтижесінде қазылар алқасы жүзден жүйрік шыққан студенттерді II кезеңге өткізді.

Екінші кезең 21 қыркүйек күні өтті. Кешке тәрбие жұмысы бөлімінің жетекші маманы Тұрмаханбетова Әлия Атабекқызы қатысты. Бұл кезеңде студенттер батыс және шығыс елдеріне саяхат жасап, сол ел ерекшелігімен, дәстүрімен, халқының санымен, тұрмысымен таныстырып, Қазақстан Республикасы тәуілсіздігіне құттықтау сөз арнады. Содан соң осы тілде өз өнерлерін көрсетті. Тілдер апталығында студенттер қауымы өз белсенділігін көрсете білді. Еліміздің болашағы – жастар, әсіресе, Тәуелсіз Қазақстанның Халықаралық қатынастар саласының болашақтары – ана тілін білуімен қатар бірнеше шет тілін еркін меңгеруімен бізді қуантты. Студенттер бірнеше тілде Абайдың, Байронның, Пушкиннің өлеңдерін нақышына келтіре орындап, күнделікті оқуымен қатар көркем әдебиетті де сүйетінін, би билеп, ән айту сияқты жан-жақты қырларын көрсете білді.

Тілдер апталығында белсенді қатысып, өз өнерлерімен, тіл білу дәрежесімен ерекшеленген: Қанат Азимханов , Меруерт Есалиева, Саша Цой, Ғалымжан Сатов, Алия Нарбекова, Екатерина Чумаченко, Айсұлу Кажекенова, Марат Игіліков, Наташа Ким, Гульназ Абилтипова, Римма Керимкулова, Дана Бауыржанқызы, Айдана Зияданова, Ален Куспанов, «Mama Mia» би тобы 1, 2, 3 жүлделі орындарды жеңіп алды. Гульназ Абилтипова, Алина Провоторова, Назгуль Байсалбаева белсенділік танытқаны үшін мақтау қағаздарымен марапатталды.

Сондай-ақ, осы шара аясында Дипломатиялық аударма кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен жұмыс істеп жатқан: «Ағылшын клубы», «Шығыс әлемі», «Тура би» шешендік клубтарын 1-курс студенттеріне таныстыру рәсімі болып өтті.

Кеш соңында халықаралық қатынастар факультетінің деканы, профессор Каримжан Шакиров сөз сөйлеп, студенттерге, іс-шараны ұйымдастырушы ұстаздарға алғысын білдірді. Бұл шараның болашақта да жалғасын табатынына сенім білдіре отырып, факультет басшысы тілдер апталығының келешекте бұдан да ауқымды, бұдан да қызықты түрде өтуіне тілектестік білдірді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі