«Мемлекеттік тіл – іскери тіл» байқауы өтті
ҚазҰУ Департаменттеріндегі мемлекеттік тілді жетік білетін мамандардан құрылған топтар арасында «Мемлекеттік тіл – іскери тіл» байқауы өтті.
Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тәрбие жұмысы жөніндегі департаменті, Тәрбие жұмысы және тіл саясатын ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімі 2011 жылғы 23 қыркүйекте университет Департаменттерінде жұмыс істейтін мамандар арасында «Мемлекеттік тіл – іскери тіл» атты байқауын өткізді.
Байқаудың мақсаты университет қызметкерлері арасында мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау, мамандардың қазақ тілінде іс жүргізудегі біліктілігі мен тәжірибесіне талдау жасау, сараптама жүргізу және оның сапасын арттыру, мемлекеттік тілді жетік білетін мамандарды жан-жақты көтермелеу.
Байқауда Өндіріс департаменті, Академиялық мәселелер жөніндегі департамент, Ғылым және инновация департаменті, Ақпараттық технологиялар департаменті, Ректор аппаратының қызметкерлері өз бақтарын сынады. Байқау шарты бойынша Департаменттерде жұмыс істейтін мемлекеттік тілді жетік білетін мамандардан құрылған топтар (топ мүшелерінің ішінде кемінде бір өзге ұлт өкілі болуы шарт) топтың атауымен, ұраны және мақсатымен таныстырды, ресми құжаттардың мемлекеттік тілде рәсімделуі, оның сапасы туралы талдау жасады, осы тақырыпта пікірсайысқа түсті, термин сөздердің қазақша-орысша, орысша-қазақша аудармасын жасады, өз департаменті туралы слайд жасап, ана тілі турасындғы халық даналығы мен белгілі тұлғалардың шығармаларынан үзінді оқыды.
Байқауға қатысушы топ мүшелері өздерінің белсенділігін, тапқырлығын, ойды жеткізе білу шеберлігін, тіл байлығы мен сөйлеу мәдениетін көрсете білді.
Байқаудың қазылар алқасы Алматы қаласы әкімдігі «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Г. Жүсіпова, филология факультеті деканының ғылыми-инновациялық жұмысы жөніндегі орынбасары ф.ғ.к., доцент Ж. Есімова, мемлекеттік тіл кафедрасының аға оқытушысы А. Нұртазина, қазақ филологиясы кафедрасының доценті, ф.ғ.к. К.Қ. Күркебаев, мемлекеттік тіл кафедрасының аға оқытушысы А. Бейсенбаев байқауға қатысушыларға тапсырма беріп, олардың орындалуына баға берді, қатысушылардың жұмыстарын жан-жақты талдап, талқылай отырып, ашық дауыс беру арқылы жеңімпаз топты анықтады. Байқауда Ғылым және инновация департаменті жеңімпаз топ атанды. Жеңімпаз топ 27 қыркүйек күні фестивальдің жабылу салтанатында Ректор дипломымен марапатталады.
Тәрбие жұмысы және тіл саясатын
ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімі