ҚазҰУ қалашығының құрылғанына – 50 жыл
Биыл ҚазҰУ қалашығының іргетасы қаланып, құрылысы басталғанына 50 жыл толды.
Бүгін осы айтулы датаға орай, ардагер құрылысшылар мен түлектер университетте бас қосты.
Мерейлі іс-шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қатысып, ҚазҰУ қалашығын салуда ардагер құрылысшылардың үлесі зор екенін атап өтті.
«Біз тұрған ҚазҰУ қалашығы Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің өз қолымен іргетасы қаланған, әлемдік деңгейдегі ірі жоғары оқу орны. Ол 1970-1986 жылдары университетімізді басқарып, жаңа деңгейге көтерді. Оқу залдары қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жаңа жатақханалар салынды. Сонымен қатар оқу ғимараттары бой көтерді. Осы алып құрылыста әрқайсыларыңыздың айқын қолтаңбаларыңыз бар. Бүгінде білім ордасында айтарлықтай жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Қазіргі таңда ҚазҰУ әлемдік рейтингтерде көшбасшы оқу орындары қатарында. Университет қалашығы жаңа заман талабына сай түрленуде», – деді Жансейіт Түймебаев.
Айта кетейік, ҚазҰУ қалашығындағы алғашқы құрылыс нысаны болып 1972 жылы 19 сәуір күні биология факультетінің ғимараты салынған болатын. ҚазҰУ қалашығын салуда Д.Қонаев, А.Закарин, Ө.Жолдасбеков пен кәсіби құрылысшылар атсалысты.
Салтанатты жиын барысында ардагер құрылысшылар сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.
«ҚазҰУ – біз үшін ыстық мекен. Жас кезімізде университет қалашығын салуда аянбай тер төктік. Сол уақыттар әлі де көз алдымызда. Бүгін өзіміз негізін қалаған қалашыққа келіп отырмыз. Кампус қазіргі заман талабына сай жаңарып, ғимараттар қажетті құралдармен жабдықталып, білім алушы жастар үшін барлық жағдай жасалған», – деді ардагер құрылысшы Бауыржан Сәрсенбайұлы.
Шарада ардагер құрылысшылардың бастамасымен жарық көрген «ҚазМУ қалашығына – 50 жыл» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Сондай-ақ қалашықты салуда еңбек еткен ардагер құрылысшыларды университет басшысы «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Құрмет» грамотасымен марапаттады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі