Білім беру үрдісін жаңғырту шаралары талқыланды

23 мамыр, 2022

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің кезекті отырысында білім беру үрдісін жаңғырту шаралары, сондай-ақ университеттің ұжымдық шартының талаптарын іске асыру барысы талқыланды.

Ғылыми кеңестің отырысын аша отырып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қатысушыларға басқарманың жаңа мүшелері: операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиева мен әлеуметтік даму жөніндегі проректор Нұржан Айдосовты таныстырды. Ректор сондай-ақ университетте атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті.

«ҚазҰУ тек ғылым мен білімнің ғана емес, сонымен қатар көптеген республикалық және халықаралық іс-шаралардың орталығына айналуда», – деп атап өтті университет басшысы.

9 мамырда Ыстамбұлда ҚазҰУ филиалы ашылды, Түркияның бірнеше университетімен келісімге қол қойылды. Орталық Азия елдері жоғары оқу орындары ректорларының форумы өтті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен, ҚазҰУ қалашығы құрылысының 50 жылдығына орай, құрылысшы-ардагерлермен, Анкара қаласының губернаторымен және т.б. кездесулер өтті. ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қариннің қатысуымен саясаттанушылардың Х республикалық конгресі ұйымдастырылды. Жақын арада бірқатар маңызды оқиғалар жоспарланған, оларға мұқият дайындалу керек.

Басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ф.Жақыпованың баяндамасы білім беру үрдісін жаңғырту шараларына арналды. Баяндамашы білім беру бағдарламаларын өзектендіру, білім алушылар контингентінің сапасын арттыру, кадрлық әлеуетті дамыту, цифрлық жаңғырту және т.б. талаптар бойынша өткен оқу жылындағы қызметтің нәтижелерін қорытындылады.

«Ағымдағы жылы ұжым білім беру бағдарламаларын өзектендіру мақсатына – Мемлекет басшысы қойған міндеттерге бағытталған үлкен жұмыс атқарды, – деп атап өтті спикер. – Осы мақсатта мынадай іс-шаралар жүзеге асырылды: фокус-топтардың факультеттердегі қазақстандық және халықаралық тәжірибесін талдау, декандар мен кафедра меңгерушілерімен стратегиялық сессиялар, жаңа оқу жылына білім беру бағдарламаларын оңтайландыру, білім беру бағдарламалары бойынша контингентті болжау және т.б.».

Сөз соңында проректор білім беру үрдісінің сапасын арттыруға бағытталған бірқатар шараларды ұсынды. Атап айтқанда, факультеттерде үйлестірушілердің рөлін ескере отырып, өзектендірілген білім беру бағдарламаларын жүктеу бойынша сапалы жұмысты ұйымдастыру, 2022-23 оқу жылында өзектендірілген білім бағдарламаларын іске асыру үшін оқытушы-профессорлардың сапалық құрамын қалыптастыру бойынша олардың дәрежелілігін ескере отырып, қажетті шараларды қабылдау және т.б.

Университеттің ұжымдық шартының талаптарын іске асыру барысы туралы «Парасат» кәсіптік одағының өкілі Д.Рысқалиев баяндады. Спикер «Парасат» кәсіподағының мәртебесі мен өкілеттіктерін белгілеп, заңнамалық актілерде қамтылған міндеттерді іске асырудың нарықтық тетіктері мен тәсілдерін, сондай-ақ әлеуметтік саясатты жүргізу қағидаттарын айқындайтын ұжымдық шарт талаптарын орындаудың маңыздылығына назар аударды.

Спикерлердің баяндамаларын талқылағаннан кейін оқу құралдарының, университет ғалымдарының монографияларының ұсынымдары, сондай-ақ оқытушы-профессорлар құрамының өкілдеріне ғылыми атақтар беру мәселесі қаралды.

  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі