ҚазҰУ-да Сорбонна филиалы ашылады

25 мамыр, 2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі уәкілі Люк Леви бастаған делегация келді. Сапар аясында тараптар өзара тиімді ынтымақтастық және Сорбонна-Қазақстан институтының ҚазҰУ-ға көшу мәселелерін талқылады.


Шетелдік делегация құрамында Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі уәкілі Люк Леви, Еуропа бөлімінің басшысы Жан-Пьер Мауе, Францияның Өзбекстандағы елшілігінің ынтымақтастық және мәдениет жөніндегі кеңесшісі Алекс Бортолан, Франция елшілігінің білім беру ынтымақтастығы жөніндегі өңірлік атташесі Ксавье Ле Торривеллек және т.б. келді.

ҚазҰУ-дың операциялық қызмет жөніндегі проректоры Әсел Уәлиева қонақтарды қарсы алып, Франция мен Қазақстан білім беру саласындағы көпжылдық қарым-қатынастар орнатылғанын алға тартты. «Франция Еуропадағы интеграциялық процестердің толыққанды қатысушысы ретінде Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа ілгерілеу процесінде маңызды рөл атқарады және біздің сенімді серіктесіміз болып табылады», – деді спикер.

Бүгінде ҚазҰУ Францияның 18 жоғары оқу орнымен табысты ынтымақтастық орнатқан, оның аясында академиялық алмасу процесі жүріп жатыр. ҚР БҒМ бағдарламасы бойынша ҚазҰУ шетелдік профессорларды қабылдап, ірі халықаралық жобаларды жүзеге асыруда (соның ішінде Еуропалық Эразмус+ бастамасы аясында).

Францияның Қазақстандағы елшілігінің тікелей қолдауымен Лотарингия университетімен бірлесіп құрылған «Гео-энергетика» орталығы табысты жұмыс істеуде. Кездесу барысында Сорбонна-Қазақстан институтын алдағы жоспар бойынша ҚазҰУ-ға көшіру мәселесі талқыланды, бұл бастама екі жаққа табысты және жемісті серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатыны да айтылды Өз кезегінде Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі уәкілі Люк Леви мырза жылы ілтипатпен қабылдаған ЖОО басшылығына алғысын білдіріп, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға үлкен қызығушылық танытып, ғылым мен білім саласындағы бірлескен іс-шараларды ілгерілетуге дайын екенін білдірді. Кездесу естелік фотосессиясымен аяқталды.

      

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі