ЕКІ ЕЛ ПРЕЗИДЕНТТЕРІ ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ҚАЗҰУ ФИЛИАЛЫНЫҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ

27 мамыр, 2022

Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қатысты.Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Алмазбек Бейшеналиев пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры – Басқарма төрағасы Жансейіт Түймебаев қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев екі мемлекеттің басшыларына оқу ордамыздың білім және ғылым бағытындағы жоспарлары мен осы саладағы екі ел арасындағы ынтымақтастықты атап өтіп, университет аудиторияларын көрсеткен болатын. Бішкектегі филиалда оқылатын және қазіргі таңда нарықтың сұранысына ие жаңа оқу бағдарламалары туралы да сөз қозғалды, соның ішінде Экономика және бизнес жоғары мектебінде жүзеге асырып жатқан жаңа оқу бағдарламалары«Цифрлық экономика», «Ақылды қала».  Сонымен қатар, Алматыдан барған оқытушы-профессорлар құрамымен және ҚазҰУ-дің қырғызстандық түлектерімен әңгімелесіп, естелік фотосуреттерге түстік. Университетті аралап шыққаннан кейін президенттер «Құрметті қонақтар кітабына» қолтаңбаларын қалдырды. Бұл керемет шара біздің оқу ордамыз үшін үлкен тарихи бастамалардың бірі болып табылады.Осындай тарихи маңыздылығы жоғары шараның куәсі болып, оған қатысудың өзі мен үшін үлкен мәртебе.