Орталық Азия елдерінің арасында жапон тілінен 25-ші шешендік өнер сайысы
Бұл сайыстың мақсаты жапон тілін дамыту мен үйренуге ықпал ету, студенттер арасында оқу үдерісін ынталандыру, жапон тілін үйрену және оны оқыту бойынша тәжірибе алмасу, Қазақстан, Жапония және Орталық Азия елдері арасындағы достық байланыстарды нығайту болып табылады.
Сайыс шарты бойынша қатысушылар еркін таңдалған тақырып бойынша жапон тілінде 5 минуттық баяндама жасайды, одан кейін мазмұны бойынша 2 сұраққа жауап береді. Әділқазылар алқасы таңдалған тақырып бойынша тілдік білім деңгейін, шешендік қабілетін, мазмұнының өзектілігін бағалайды. Қазылар алқасының қатарында Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ямада Джун, Қазақстан Республикасындағы Жапон кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Нагасэ Хидеки, Қазақстан Республикасындағы жапондар қауымдастығының төрағасы Иошида Наохиро және әр елден келген оқытушылар болды.
Қатысушылардың тақырыптары алуан түрлі болды: уақыт пен тәртіптің мәні жайлы, патриотизм туралы, батыс пен шығыстың айырмашылығы, өмірінің жапон тілімен байланысы, т.б.
Екінші орын алған ҚазҰУ-дың 3 курс студенті Серікбекова Нұрайым «Аяулы арманның жүзеге асу жолы» тақырыбында Жапония университеттеріндегі онлайн білім алғаны туралы айтты.
Нәтижелерді жариялағаннан кейін Елші Ямада Джун әр сайыскерге қатысқаны үшін сыйлық, сертификаттар мен жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етті.
Сайысты Қазақстан Республикасындағы жапон тілі оқытушыларының қауымдастығы мен университеттің жапонтану кафедрасы, Қазақстан Республикасындағы Жапония елшілігі Қазақстан-Жапон Жібек жолы қауымдастығы, 3A баспасы, Цукуба университеті, Жапон қоры, ҚР-дағы жапондық кәсіпкерлер қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырды.
Жапон тіліндегі шешендік өнер сайысы жапон тілін үйренушілерге жапон тілін меңгеру дағдыларын ғана емес, сонымен қатар шешендік дағдыларын көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл байқау Жапония мен жапон тіліне, сондай-ақ Жапония мәдениетіне терең қызығушылық танытатын көптеген елдерді біріктіреді.
Сайыстан кейін Орталық Азия елдерінің жапон тілі оқытушыларының онлайн кезінде оқытуда пайдаланған методикаларды тиімді пайдалану жайлы және оқытудың заманауи әдістеріне арналған халықаралық семинары өткізілді.