Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында MИФИ филиалын құру туралы келісімге қол қойылып, халықаралық жоба аясындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалды.
ҚазҰУ-да ғылым мен білімді дамыту саласында шетелдік университеттермен ынтымақтастықтың бай тәжірибесі бар. Атап айтқанда, бүгінде Ресей Федерациясының жетекші университеттері мен институттары арасында 150-ден астам ынтымақтастық туралы келісім жасалған. Қазір осы келісімдер аясында түрлі білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобалар оңтайлы жұмыс істеуде.
MИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университеті ҚазҰУ-мен бұрыннан серіктес. Екі оқу орны байланыстарының нәтижесінде магистратурада бірлескен білім беру бағдарламалары сәтті жүзеге суда. Қазір жеті бірлескен білім беру бағдарламасы қолданыста.
ҚазҰУ базасында MИФИ филиалын құру екіжақты қарым-қатынасты нығайтудағы тағы бір стратегиялық маңызды қадам.
Келісімге қол қою рәсіміне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев пен МИФИ ҰЯЗУ Ректоры Владимир Шевченко қатысты.
ҚазҰУ ректоры құттықтау сөзінде: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында іске асыруға бірқатар стратегиялық міндеттер қойды. Оның ішінде білім саласына, әсіресе, техникалық білімі бар кадрларды тереңдетіп дайындауға ерекше көңіл бөлінеді», - деп атап өтті.
Ректор қонақтарға білім ордасының жетістіктері, халықаралық ғылыми-білім беру жобаларының жүзеге асырылуы және MИФИ филиалын ашуға дайындық барысы туралы айтып өтті. Бүгінге дейін көп жұмыс атқарылды. ҚазҰУ мен МИФИ арасындағы Жол картасының және келісімдердің жобасы дайындалды.
«Филиал ядролық физика, лазерлік және плазмалық технологиялар, сондай-ақ ядролық энергетика және нанотехнологиялар салаларында мамандарды бірлесіп даярлауға жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін», – деді университет ректоры.
Өз кезегінде, МИФИ ҰЯЗУ ректоры Владимир Шевченко Ресейдің топ-3 университеті легіне кіретін МИФИ ҰЯЗУ филиалын құруға қатысты барлық мәселелерді шешуге белсенді көмек көрсетуге уәде берді.
MИФИ Ұлттық зерттеу ядролық университеті Ресейде құрылған алғашқы ұлттық зерттеу университеттерінің бірі. Университет іргелі және қолданбалы ғылым мен заманауи технологияларды дамытудың ең өзекті бағыттары бойынша Ресей мен шет елдерге арнап аспиранттар, магистрлер, бакалаврлар мен мамандарды дайындайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі