Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚазҰУ қызметімен танысты
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы барды.
Еліміздің жетекші университетіне сапары барысында Мемлекет басшысы оқытушы-профессорлар құрамымен және жас ғалымдармен кездесті.
Президент шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұрасына арналған мұражай экспозицияларымен, ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми-инновациялық жобаларының нәтижелерімен танысты.
Университет ректоры Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысына оқу ғимараттары мен қызметтік тұрғын үй және студенттік жатақхана салу бойынша ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарын баяндады.
Университет қазіргі уақытта әлемдік QS рейтингінде 175-орында.
ҚазҰУ – QS Stars Rating System халықаралық рейтингінде «Бес жұлдыз» марапатын алған Орталық Азиядағы алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны.
Биыл Еуропа мен Орталық Азияның дамушы елдерінің үздік университеттері рейтингінде 16-орынға көтерілді.
Университетте 26 мың студент білім алуда.
Оқу ордасында 16 факультет, 68 кафедра, 97 өндірістік филиал, 8 ғылыми-зерттеу институты, 29 ғылыми орталық пен технопарк табысты жұмыс істейді.
Университет зертханалармен, заманауи техникамен және жаңа технологиялармен жабдықталған.
ҚазҰУ-да бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша 543 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады.
Мемлекет басшысы оқу орнының зерттеу университетіне трансформациялану бастамасы мен ҚазҰУ-ды қайта жаңғырту жоспарын қолдады.
Президент білім ордасында жоғары білікті мамандар даярлау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, білім сапасын жақсарту, еліміздің дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыру және университет қалашығын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берді.