АСҚАР АҚАЕВ: АҚПАРАТ – ЦИФРЛЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ӨЗЕГІ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қырғыз Республикасының Тұңғыш Президенті, Ресей ғылым академиясының академигі, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Күрделі жүйелерді математикалық зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Асқар Ақайұлының көшбасшылық дәрістері өтті.
Ғалымның Әл-Фараби кітапханасында өткен алғашқы көшбасшылық дәрісі «Ежелгі дәуірдегі демографиялық даму көрсеткіші және адамзаттың болашағы (математикалық модельдеу және компьютерлік болжау)» тақырыбын қамтыды.
Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен екінші дәріс «Цифрлық экономика (нұсқалар мен болжамдар)» тақырыбына арналды.
Кездесуді ашқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Асқар Ақайұлының қызметтік жолына тоқталып, әлемдік ғылымдағы жетістіктерін атап өтті.
Асқар Ақаев өз дәрісінде дамыған озық мемлекеттердің цифрлық экономиканы құрудағы табыстарына талдау жасап, дамушы елдердің экономикалық бағыттарына сараптама жасады. «Бүгінде дәстүрлі экономикаға қарағанда ақпарат пен білімге негізделген цифрлық экономиканың математикалық талдауымен қарқынды жұмыс жүргізілуде. Классикалық экономикалық динамика Кобб-Дуглас типінің өндірістік функциясына негізделген, ол үш негізгі факторға – капиталға, еңбекке және технологиялық прогреске байланысты. Ең қиын міндет – технологиялық прогресті модельдеу. Сондықтан технологиялық прогрестің экзогендік және эндогендік модельдерін жасағаны үшін Нобель сыйлығы Р.Солоу мен П. Ромерге берілді. Алайда бұл модельдерде ақпарат өндірісінің динамикасы жоқ», – деді профессор.
Көрнекті ғалым Асқар Ақаев цифрлық экономиканың бүгіні мен болашағы туралы өз көзқарасын ұсына отырып, өзі әзірлеген цифрлық дәуірге арналған технологиялық прогрестің ақпараттық модельдері және цифрлық экономикаға арналған өндірістік функция жайлы баяндады. «Адам және интеллектуалды машина үйлесімі цифрлық дәуірде ең өнімді күшке айналмақ». Осы сценарийді іске асыру үшін іргелі STEM-білім алу қажеттігі айтылды.
Көшбасшылық дәрісінде үлкен тәжірибесімен бөліскен академик Асқар Ақаев оқытушы-профессорлар мен білім алушы жастардың сұрақтарына жауап берді.
Жиында сөз алған ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов Асқар Ақайұлының Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүше-академигі болып қабылданғанын қуанышпен жеткізіп, арнайы куәлік табыс етті.
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаев «Нарыннан жазған сәлем хат» әнін орындап, әннен шашу шашты.
Қадірменді қонақ ҚазҰУ басшылығына қонақжайлылығы үшін алғыс білдіре отырып, Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші университетте көшбасшылық дәріс оқығанына ризашылығын білдірді.
Кездесу соңында ректор Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің шешімімен Асқар Ақаевты ҚазҰУ-дың «Әл-Фараби» Алтын медалімен марапаттады.
Көшбасшылық дәрістерге ҚР ҰҒА академиктері, белгілі ғалымдар, ҒЗИ басшылары, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшелері, қаламгерлер, өнер қайраткерлері, БАҚ өкілдері, білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты.
Сондай-ақ құрметті қонақ сапар барысында ҚазҰУ мұражайымен танысып, соңғы үлгідегі оқу ғимараттарын, жаңарған аудиторияларды, ғылыми лаборатория мен зерттеу орталықтарын аралады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі