ТОПЫРАҚТЫҢ ТЫНЫСЫН АШҚАН ТЕХНОЛОГИЯ
Қазіргі уақытта ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі университет және ұлттық экономиканың инновациялық хабына айналуына күш салуда. Университетте іргелі және қолданбалы бағдарламалар, инновациялық, салалық, халықаралық кешенді ғылыми-техникалық әзірлемелер, сондай-ақ ғылымды дамытудың басым бағыттары бойынша шаруашылық келісімшарт жұмыстары шеңберінде зерттеулер жүргізіледі.
Университетте көптеген талантты ғалымдар отандық ғылым мен техниканың қалыптасуы және дамуы жолында өлшеусіз үлес қосуда. ҚазҰУ – кластерлік тәсіл негізінде «идеядан – коммерцияландыруға дейін» тиімді технологиялық дәліз құрған, ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы дамыған университет. Тиімді еңбектің арқасында бизнестен және әртүрлі халықаралық көздерден инвестициялар тартылады. Сондай-ақ серпінді зерттеулер мен технологиялардың нәтижелері шағын өндіріс негізінде пайдаланылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми жетістіктерінің бірі – «Мико-Ойл» биопрепараты. Мұнаймен ластанған топырақты тазартуға арналған бұл биопрепараттың құрылу тарихы – ғылым мен бизнес симбиозының жарқын мысалы. Өйткені бұл жобаның ғылыми жаңалығы қағаз бетінде қатталып жатпай, жүзеге асырылып, экономика мен экологияға оң әсерін беруде.
Биология және биотехнология факультетінің магистранттары, докторанттары алғаш рет аталмыш биопрепаратты алу жолдарын университеттік зертханада меңгеріп шықты. «Мико-Ойл» препараты технологиясының серіктесі және тапсырыс берушісі «KazEcoSolutions» ЖШС – 2008 жылдан бері өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша қызмет етіп келе жатқан компания. Соңғы бес жыл ішінде серіктес компаниямен биологиялық өнімді және оны қолданудың арнайы технологиясын жасау бойынша тығыз жұмыс жасалды. ҚазҰУ ғалымдары мұнай көмірсутектерімен ұзақ уақыт бойы ластанған топырақтан деструктивті микроорганизмдердің белсенді штамдарын бөлу бойынша терең зерттеулер нәтижесінде белсенді штамдарға негізделген препарат жасап шығарды. Арнайы агро-микробиологиялық технологияның арқасында жасалған препарат топырақты тазартудың тиімділігіне кепілдік береді. Оның басты себебі – биопрепараттың құрамындағы микроорганизмдер әртүрлі табиғи өзгерістерге деген төзімділігі. Препараттың өзі, оны алу тәсілі және ол үшін әзірленген қолдану технологиясы өнертабыс ретінде патенттелген. Сондай-ақ ҚР ӘМ «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК «Өнеркәсіптік меншік» ресми бюллетеніне енгізілген.
Дамыған елдердің ғылыми ізденістеріне назар аударсақ, ең сәтті деген жобалардың ұзақ уақыт бойғы зерттеулердің нәтижесі екеніне көз жеткіземіз. Сол секілді бұл жоба да сонау 1999 жылдан бастап университет зертханасында әзірленіп, жұмыс барысында бір топ ғалымдар еңбек еткен. Биология ғылымының докторы, профессор Тоғжан Мұқашева солардың қатарында. Ғалымның докторлық ізденісі ластанған топырақты зерттеуге, белсенді микроорганизмдерді оқшаулауға, тұрақты қауымдастық құруға және мұнаймен ластанған топырақты тазартудың ең белсенді аналогтарын іздеуге арналған. Зертханалық жұмыстардың нәтижесіне қол жеткізгеннен кейін биопрепарат даярлау жобасының келесі кезеңіне өту қарқыны біршама төмендеді. Ғылыми ізденістерді жалғастыру үшін оның тиімділігіне далалық тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар жүргізу талап етіледі. Сонымен қатар материалдық-техникалық база мен қосымша қаражат қажет болады. Осы сәтте ғалымдарға бұрыннан қолдау көрсетіп келе жатқан серіктес – «KazEcoSolutions» осы сынақтарды ұйымдастыру бойынша өзінің көмегін ұсынды. Өйткені бұл компания қалдықтарды қайта өңдеу және мұнаймен ластанған топырақты тазарту бойынша жаңа технологияларды іздеу және тартуға мүдделі болатын.
2013 жылы осы компанияның көмегімен «Өзенмұнайгаз» МГӨБ-3 аумағында тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ жүргізілді. Биологиялық өнім ластанған топырақты тазартуда экспозицияның 30 күндік кезеңінде 93 пайыздан жоғары нәтиже көрсетті. Осы сынақтар негізінде көптеген зертханалық және далалық зерттеулер барысында «Мико-Ойл» биопрепаратын пайдалана отырып, тазартудың жеке агро-микробиологиялық технологиясы әзірленді.
Бүгінде ҚазҰУ ғалымдары осы микробтық препараттың өнеркәсіптік өндірісін жолға қойып, мұнаймен ластанған топырақты тазартудың агро-микробиологиялық тәсілін жетілдіруде. Қазақстанда мұндай микробтық препараттарға деген сұраныс жоғары болғанымен, өндіріс көлемі аз. «Сондықтан батыстық әріптестерден кем түспейтін отандық нұсқаны жасау туралы шешім қабылданды», – дейді жоба жетекшісі. Оның айтуынша, препарат топырақты биологиялық әдістермен қалпына келтіруді көздейді. Микроорганизмдерге негізделген техникалық және биологиялық әдістер жиі қолданылады. Биологиялық ремедиация топыраққа белсенді микроорганизмдерді енгізу немесе аборигенді, яғни жергілікті микрофлораның ферменттік аппаратын мұнай қалдықтарын жою үшін активтендіру мақсатында жүргізіледі.
Мұнай өндіру біздің елімізде 100 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келе жатқанын ескерсек, Қазақстан аумағында мұнаймен және мұнай өндіру қалдықтарымен «тарихи» ластануды жиі кездестіресіз. Бұл жағдай қоршаған ортаны қорғау мәселелері ескеріле бермеген сонау КСРО кезеңінен бастау алады. Мәселен, Атырау және Маңғыстау облыстарының аумақтарында жүздеген және мыңдаған гектар топырақты уландыратын тұтас мұнай көлдері мен батпақтар бар. ҚазҰУ ғалымдары мен «KazEcoSolutions» компаниясы бірлесіп Қазақстандағы мұнаймен ластанған жерлердің санын барынша үнемді және тиімді тәсілмен азайтуды көздеп отыр. Айтпақшы, «биоремедиация» деп аталатын биологиялық тазартудан кейін бұрын мұнаймен ластанған топырақ қайта құнарланып, агробиоценоздар жүйесі, атап айтқанда, экожүйе тепе-теңдігі қалыпқа келеді. Бұл пештерде мұнай бар қалдықтар мен ластанған топырақты жағу секілді моральдық және технологиялық тұрғыдан ескірген, қауіпті және тиімсіз әдістерге қарағанда едәуір тиімді. Өйткені ол – топырақты тазарту мен қалпына келтіруде ерекше басымдыққа ие биологиялық әдіс. Өкінішке қарай, кейбір компаниялар әлі де прогрессивті «жасыл» технологияларды емес, дәстүрлі «тазарту» әдістерін қолданады.
– Шынында да, өндірісті құру жөніндегі кез келген жоспарда өнімнің өнеркәсіптік шығарылымын ұйымдастыру міндеті тұрмақ. Алайда биотехнологиялық өндірісті жоғары технология саналғандықтан, өндірісті ұйымдастыру да қымбатқа түседі. Себебі технологиялық жабдықтың бағасы арзан емес. Екінші жағынан, бір артықшылығы – сәтті биотехнологиялық өндірісті ұйымдастыру үшін үлкен шеберханалар құрудың қажеті жоқ. Бұл жылына бірнеше ондаған тонна осы препаратты шығаратын шағын кәсіпорын болуы мүмкін, оны болашақта басқа микробтық өнімді шығаруға бейімдеуге болады. Биотехнологиялық өндірісті ұйымдастыру туралы айта отырып, ҚР БҒМ Ғылым комитеті әкімшілендіретін гранттық бағдарламалардың маңыздылығын атап өткім келеді. Өкінішке қарай, біздің технологияға тапсырыс беруші және стратегиялық серіктесіміздің экономикалық дағдарыс жағдайында цех құрылысын толық көлемде қаржыландыруға мүмкіндігі болмады. Сондықтан «Мико-Ойл» биологиялық өнімі тек шектеулі мөлшерде, іс жүзінде зертханалық жағдайда шығарылуы мүмкін. Енді Дүниежүзілік банк грантына ие бола отырып, жаңа өнеркәсіптік өндірісті құруда алға қойылған жоспарларды іске асыруға көптеген мүмкіндіктер бар. Осы тұста «KazEcoSolutions» компаниясы бірлескен инвестор ретінде осы жобаны іске асыруға 25 миллион теңге жеке қаражат бөлді, – дейді профессор Тоғжан Мұқашева.
Қазақстан – бұл климаттық тұрғыдан күрделі, ауа райының ерекшелігіне ғана емес, сонымен қатар өңірдің топырақ, метеорологиялық, агротехникалық ерекшеліктеріне де қатысты өзіндік және қатаң жағдайлар жиі кездесетін өңір. Биологиялық ремедиация процесінде қазақстандық экологиялық компаниялар ресейлік, қытайлық және сирек кездесетін еуропалық препараттарды қолдануға тырысады. Бірақ олардың сәтті шығуы көптеген факторларға байланысты. Оларды алдын ала ескеру немесе болжау мүмкін емес.
«Мико-Ойл» биологиялық өнімінің шетелдік аналогтардан түбегейлі айырмашылығы – штамдардың жергілікті жағдайларға толыққанды бейімделуінде. Препарат құрамына кіретін микроорганизмдер Атырау және Маңғыстау облыстарының ұзақ уақыт бойы ластанған топырақтарынан толығымен оқшауланған. Олар жоғары бейімделген және топырақтағы жоғары температураға (+50°C дейін), жоғары тұздылыққа, ылғалдың ұзақ болмауына, температураның күрт өзгеруіне және ең бастысы – шетелдік препараттардың штамдарына улы болып табылатын мұнай өнімдерінің жоғары концентрациясына икемделген. Бұл критерийлер барлық шетелдік баламалармен салыстырғанда біздің препаратты бәсекеге қабілетті етеді. Нарықтық экономика дәуірінде ең бастысы – баға. Отандық препараттың құны импорттан бірнеше есе төмен. «Мико-Ойл» шетелдік аналогтардан бірнеше есе тиімді. Себебі ұзақ мерзімді тасымалдау мен сақтауды, кептіру арқылы консервілеуді қажет етпейді әрі препарат қосымша тірі организмдермен байытылған. Олар сол топыраққа жерсініп қана қоймай, микрофлораны жақсартады.
– Әрине, бәрі бірдей керемет деп айтуға әлі ерте. Себебі атқарылған жұмыстарға және басқа препараттармен салыстырғандағы басымдықтарына қарамастан, нарықта көп таралмауы бірден-бір кемшілік болып тұр. Осыған байланысты Дүниежүзілік банк гранты өндіріс көлемін ұлғайтуға қуатты серпін берді. Жақын арада «Мико-Ойл» биопрепараты отандық микробтық препараттар арасында өз орнын алады деп сенеміз, – дейді ғалым биолог Тоғжан Мұқашева.
Кәмила ДҮЙСЕН