Ғылымды мемлекеттік қолдау мәселесі сараланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «Ғылым ордасында» өткен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының жалпы сессия отырысына қатысты.
Жиында ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, ҒЗИ басшылары, академиктер мен ғалымдар бас қосып, күн тәртібіндегі екі өзекті мәселені талқылады. Атап айтқанда: ҚР ҰҒА президиумының жұмысы туралы және Мемлекет басшысының ұйымға мемлекеттік мәртебе беру туралы бастамасы.
Сессия жұмысын ашқан Мұрат Жұрынұлы Ғылым академиясының ағымдағы жылы атқарған жұмыстарына тоқталып, алдағы мақсаттарды баяндады.
«Биыл Ұлттық ғылым академиясына 75 жыл толды. Осы айтулы датаға орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым ордасына арнайы келіп, сессия отырысына қатысты. Сол жиында Президент академияға мемлекеттік мәртебе берілетінін мәлімдеді. Бұл отандық ғылымға жасалған зор қолдау», – деді Мұрат Жұрынов.
Өз кезегінде ҚР ҰҒА-ның Әлеуметтік ғылым бөлімшесінің төрағасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев баяндама жасады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде академия мәртебесінің өзгеруіне байланысты ауқымды міндеттерді алға қойған болатын. Қара шаңырақтың мәртебесін көтеру Қазақстан ғылымын дамытуға сөзсіз ықпал етеді. Бүгінде отандық ғылым өте қарқынды даму үстінде. Дегенмен Президенттің «Ғылым ордасында» сөйлеген сөзінен кейін ғалымдарымызға қойылатын талап пен жауапкершілік бірнеше есе артады. Сондықтан да біз бірлесіп ғылым саласын жаңа бағытта дамытуымыз қажет. Бүгінгі таңда мемлекет үшін жаратылыстану ғылымдарын дамыту басым бағыттардың бірі. Осы ретте энергетикалық ресурстар мен жаңа технологияларға басты назар аударылуда. Сондықтан әлеуметтік-гуманитарлық ғылым саласында мемлекет пен тұтастай қоғам үшін пайдалы қызмет бағыттарын табу керек», – деді Жансейіт Түймебаев.
Сессия отырысына қатысушылар Ұлттық ғылым академиясының рөлін арттыру және отандық ғылымды дамыту мәселелері бойынша өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар академияның алдағы жұмыс жоспары мен міндеттерін айқындады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі