Жоғары оқу орындарының жастары арасында талқылады
28-Февраль, 2011 | 25 рет оқылды
Айкерім РАИСҚЫЗЫ
Президент Н. Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарын насихаттау мен түсіндіру жөніндегі Республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері кеше Бостандық ауданында бірқатар жиын өткізді. Республикалық ақпараттық-насихаттық топ құрамына орталық атқарушы органдардың басшылары, олардың орынбасарлары, ҚР Парламент Сенатының және Мәжілісінің депутаттарынан тұратын 19 адам енген. Жалпы Алматы қаласы бойынша 80-нен астам кездесу өткізу жоспарланып отыр.
Жолдауды түсіндіру мен насихаттау мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болып табылады. Осыған орай, Алматы қаласында Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың басшылығымен Республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері қала тұрғындарымен кездесулерін бастап кетті.
Кеше Бостандық ауданында орналасқан бірқатар мекемелердегі ұжымдармен кездесулер өткізілді. Мәселен, Жолдаудың басым бағыттарын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Г.Қарағұсова келді. Сондай-ақ, Халықаралық бизнес академиясында өткен кездесуге Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова қатысса, «Атакент» іскери әріптестік орталығына келген ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Н.Алдабергенов ел дамуының бағдаршамына айналған басты құжатты жіктеп түсіндірді. Сонымен қатар, «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетінде ұйымдастырылған іс-шарада Мәдениет министрлігінің Діни істер жөніндегі комитет төрағасы А.Досжан Жолдаудың әр тармағына жеке-жеке тоқталып, жиналғандардың сауалдарына жауап берді.
Министр Ж.Айтжанова Президент Жолдауына қызығушылықпен қарайтын жастарға аталған құжаттағы әлеуметтік жаңғырту – жаңа әлеуметтік саясат, білім беру, денсаулық сақтау, Тілдерді дамыту, жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы сынды тармақтарына айрықша тоқталды. Ол өз сөзінде: «Елбасының «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс», – деген қанатты сөзін басшылыққа ала отырып, жастарды оқуға, сапалы білім алуға үндеді.
Аталған кездесулердің барлығы жоғары деңгейде өткізіліп, халықтың көңілінен шықты деуге толық негіз бар. Олай дейтін себебіміз, кездесулерге асыққан жұртшылық көптен бері көкейінде жүрген сұрақтарына нақты жауап алып, қазіргі таңда туындап отырған мәселелердің түйінін шешу мақсатында билік тарапынан атқарылып жатқан шаралармен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Жалпы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауды ақпараттық-насихаттау тұрғыдан түсіндіру жұмыстары 2600 адамды қамтыды.
Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында кең ауқымда өткізілген кездесу барысында депутат Г.Қарағұсова Елбасының Үкіметке халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жүктеген міндеттерін атап өтіп, соны жүзеге асыру үшін қолға алынған нақты шаралармен таныстырып өтті.